ТБИЛИСИ. 13 шілде. Сакартвело байтағында шеруге шыққан жергілікті жұрт пен Ресейден келген орыс әйелдер арасында қақтығыс орын алып кетуге шақ қалды. Бұл туралы «Кавказский узел» ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Оқыс оқиға 11 шілде күні Тбилисиде Украина әскери құрамалары сапында Ресей оккупанттарына қарсы соғыста қаза тапқан картвель азаматтарын еске түсіру акциясы кезінде орын алған. Қаралы шеруге шыққандар марқұмдарға құрмет көрсету рәсімін парламент ғимараты алында өткізген. Сол кезде Ресейден келген турист әйелдер өздерінің бұл акцияға қарсы екендерін білдіріп, әртүрлі ым-ишара әрекеттерін жасап, сес көрсеткен.
Сакартвело бұқаралық ақпарат құралдары Ресейден келген әйелдердің өздерін өте агрессивті және дөрекі ұстағандарын атап жазады.
Содан кейін шерудегі жергілікті әйелдер де қарап қалмаған, олар ресейліктерге тұра ұмтылған. Алайда сол екі ортада жедел жеткен полиция жасақтары орыс әйелдерді жағалай қоршай қойған. Сол кезде орыс әйелдері екі қолдың саусақтарымен жүрек суретін салып көрсетіп, кешірім сұрағандай кейіп танытқан. Сөйтіп, үлкен қақтығыстың алды алынған.
Тбилисидің орталығында туристер мен шерушілер арасында туып кете жаздаған қақтағыс жайындағы видео 12 шілде күні «Кавказский узелдің» Facebook әлеуметтік желісіндегі 162 мың пайдаланушысы бар парақшасында жарияланған. Оқиға республикада үлкен резонанс алды. Алғашқы күні-ақ оған 925 адам белгі соғып, 1606 комментарий жазды. Олардың бәрі ресейлік әйелдердің бейәдеп әрекеттерін айыптаған.
USD




