АТЛАНТА. 13 шілде. Әлем чемпионатынан Аргентинаны шығарып тастауды талап етушілердің петициясына қол қойғандардың саны 3 миллионан асып кетті. Бұл туралы «Советский спорт» ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Мәтбұғаттың жазуынша, интернетте Аргентинаны әлем чемпионатынан шұғыл шығарып тастауды қатаң талап етушілер ашқан argentinaout.com атты жаңа сайт пайда болған. Оған үн қосушылар сағат сайын артып келеді.
«ФИФА мен арбитрлардың Лионель Месси мен Аргентинаға жанашырлық көзімен қарайтындары айдан анық айқындалып қалды. Егер жеңімпаздың кім болатыны бұлай алдын ала белгілі болып тұрса, басқалардың бұл шоуға қатысып несі бар? Аргентинаны чемпионаттан алып тастап, басқалардың жеңіске жетулеріне мүмкіндік беріңдер», – деп жазылған петицияны ұйымдастырушылар үндеуінде.
Аргентина құрамасы чемпионаттың іріктеу турнирінде J квартетіне түсіп, мүмкін болған 9 ұпайды түгел алды. Ал плей-офф кезеңінің 1/16 финалында Кабо-Вердемен негізгі уақытта 1:1 есебімен тең түсіп, овер-таймда 2:1 етіп ұтты. Сөйтіп, жалпы есеп 3:2 болды. Бұдан кейін 1/8 финалда Мысырды 3:2 есебімен тізе бүктірді. Ширек финалда Швейцариямен 1:1 есебімен тең ойнап, қосымша уақытта жауапсыз екі гол соқты, қорытындысы – 3:1. Енді 16 шілде күні түнде жартылай финалдық шайқасты Англия құрамасымен өткізеді.
Жанкүйерлердің жанжалдары болса, ФИФА мен арбитрлардың Лионель Мессиге деген сүйіспеншілігінен Аргентина құрамасына жақтасу сипаттары байқалғанынан туындап отыр. Фанаттар мұндай әділетсіздіктерді олардың Мысырмен және Швейцариямен ойындары барысында аңғарып, қарсылық таныта бастады.
Жалпы, мұндай наразылықтар басқа матчтарға қатысты да шығып жатыр. Мысалы. Бейсенбі күні Франция мен Марокко (2:0) арасындағы кездесуде төреші шешімдеріне байланысты дау-далаба көп болған, бірақ соңы тыныш біткен. Испания мен Бельгия матчында да келіспеушіліктер аз болмаған. Соңынан Норвегия мен Англия шайқастарында да осындай келеңсіздіктер орын алған.
USD



