ҚЫЗЫЛОРДА. 10 шілде. Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев жүргізген кеңесте облыс орталығында салынғалы жатқан Президенттік кітапхана құрылысының жайы талқыланды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Кеңеске «Tansu Construction» ЖШС директоры Николай Ким, «Vertex Holding» ЖШС бас директорының орынбасары Ирина Кенжетаева, күрделі жобалар бөлімінің басшысы Майра Усипбекова және «Астел-К» серіктестігінің бас инженері Бахадыр Садыков қатысты.
Онда 600 мың кітап қорын сақтауға арналған Президенттік кітапхана құрылысының барысы талқыланды.
Еске сала кетейік, жыл басында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Қызылорда қаласында тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу жөнінде тапсырма берілген болатын. Аталған жоба инвестор Эдуард Огайдың демеушілігімен жүзеге асырылуда, жалпы құны – 20,0 млрд теңге. Ғимараттың ауданы – 13 мың шаршы метр, 3 гектар жер телімі бөлінген. Үш қабатты, жертөлесі, конференция, оқу, электрондық кітапхана, облыстық тарих және басылымдар, архив және сирек қор залдары, әлем әдебиеті бөлімі, өнер галереялары, медиалаборатория, көрме галереясы, балалар аймақтары, коворкинг, фудкорт, қалпына келтіру шеберханасы, баспаханасы болады.
Қазір құрылыс-құрастыру жұмыстарының мердігері «Tansu Construction», авторлық қадағалаушы «Астел-К» және техникалық қадағалаушы «SJS Казахстан LTD» серіктестіктерімен келісімшарттар рәсімделген.
Нысанды қажетті инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтамасыз ету үшін барлық техникалық шарт алынған. Құрылыс алаңында жер қазу басталып, жерасты суының деңгейін төмендету жұмыстары жүргізілуде.
USD




