МӘСКЕУ. 27 мамыр. Ресей Еуропа одағына қарай бет бұра бастағанына байланысты Арменияға мұнай мен газ жеткізуді тоқтатамыз деп қорқытты. Бұл туралы The Moscow Times ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мәскеу Ереван Еуропа одағына жақындасу процесін жалғастыра берсе, Арменияға (Хайастанға) табиғи газ, мұнай өнімдері мен өңделмеген гауһар тастарды жеткізу туралы келісімді біржақты тоқтата тұратын немесе біржола тоқтататын болып, доқ көрсете бастады.
Ресей Федерациясының Энергетика министрі Сергей Цивилевтің Арменияның аумақтық басқару және инфрақұрылым министрлігіне жолдаған хатынан осы қырғи-қабақ сипат айқын көрінеді. Ол Ереванның ЕО-ға кіру әрекеттері «ондаған жылдар бойы қалыптасқан серіктестік сипатына сәйкес келмейтінін» атап өтті.
2013 жылғы келісім бойынша Ресей Арменияға мұнай өнімдерін, газ бен гауһар тастарды жеткізуге арналған экспорттық баждарды шектеу мерзімінсіз алып тастаған болатын. Құжат елдің ЕАЭО-ға кіруіне орай қабылданған қадам болды.
«Қазір Армения толық дерлік Ресей газына тәуелді: 2025 жылы «Газпром» шамамен 2,7 миллиард текше метр жеткізді», деп жазады «КоммерсантЪ».
РФ президенті Владимир Путиннің айтуынша, «көгілдір отынның» Ереван үшін қолданыстағы жеңілдік бағасы мың текше метр үшін 177 долларды құрайды. Ресей Федерациясы Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 25 мамырда Армения ЕАЭО-дан шыққан жағдайда бағаның нарыққа айналатынын ескерткен еді.
Армения жыл сайын Ресейден шамамен 0,9–1 миллион тонна мұнай өнімдерін бажсыз импорттайды. Алайда соңғы жылдары республика жеткізілімдерді әртараптандыруда: АИ-95 бензинін Румыниядан, Египеттен және Болгариядан, ал 2025 жылдың желтоқсанынан бастап Әзербайжаннан сатып алып келді.
Әзербайжан мен Хайастан арасында бейбітшілік орнағаннан кейін Бакы транзиттік шектеулерді алып тастады, президент Ильхам Әлиевтің айтуынша, оның жеткізілім көлемі 12 мың тоннаға жетті. Гауһар тастарға келетін болсақ, Ресей ең ірі жеткізуші болып қала береді (импорттың шамамен 50%), бірақ Армения негізінен кесілгеннен кейін оларды қайта экспорттаумен айналысады.
Мәскеу соңғы жағдайларға байланысты Ереванға энергетикалық қауіптермен қатар, «Роспотребнадзор» арқылы экспортқа қысым жасай бастады. 23 мамырда ведомство үш армян өндірушісінің алкоголь өнімдерін (коньяк, шарап) сатуын тоқтатты. Бір күн бұрын «Джермук» арасан суын әкелуге және айналымға тыйым салынды.
Бұл шаралар Ереван Еуропа одағына жақындау бағытын ұстанғаннан кейін қолға алынып жатыр. Мұның бәрі Армения – Ресей қатынастарының күрт салқындай бастаған тұсымен сәйкес келді: 2025 жылдың наурызында армян Парламенті Еуропа одағына кіру процедурасын бастады, сонымен қатар Армения Путинді тұтқындауға санкция берген Халықаралық қылмыстық соттың юрисдикциясын тану туралы заң қабылдады. Соңғы кездері Ереванда өткен Еуропа саяси қоғамдастығы саммитіне Украина президенті Володимир Зеленськийді арнайы шақырып қатыстырды.
Осыдан кейін Ресей мемлекеттік думасының спикері Вячеслав Володин Хайастан премьер-министрі Никола Пашинянға «тәртіпсіз» және «оңбаған» деген баға берді, ал Ресей Федерациясы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу Ереванның «Ресей экономикалық операторлары үшін жағдайды әдейі нашарлатып отырғанына» наразылық білдірді. Путин Арменияның ЕО-ға деген ұмтылысына байланысты түсіндірме бере отырып, Ереванды Украинаның тағдырын есте сақтауға шақырды және «жұмсақ, зайырлы және өзара тиімді» түрде бөлініп кету үшін ЕАЭО-дан шығу жөнінде ел ішінде референдум өткізуді ұсынды.
USD




