ҚЫЗЫЛОРДА. 8 мамыр. Қызылорда облысының әкімі болып Мұрат Ергешбаев тағайындалды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осыған байланысты жиын Қызылордада 8 мамыр күні өтті. Онда мәслихаттар депутаттарының қолдауына ие болған Мұрат Ергешбаевқа тиісті пәрмен берілді.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі лауазымына тағайындалды», – делінген хабарламада.
Жаңа әкімнің тағайындалуы өңірді басқару жүйесіндегі кадрлық өзгерістер аясында жүзеге асып отыр. Атап айтқанда, облысты 2022 жылдың 7 сәуірінен бері жемісті басқарып келген Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары тағына отырды.
Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаев 1966 жылы 12 сәуірде Қызылорда қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық жоғарғы мемлекеттік басқару мектебін бітірген.
Еңбек жолын 1989 жылы Сырдария ауданында Жамбыл кеңшарының экономисі ретінде бастап, Сырдария аудандық өнеркәсіп бірлестігінің бөлім бастығы сатысынан өткен.
Бұдан кейін облыста банк саласында түрлі басшылық лауазымдар атқарып, Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өрт сөндіруші» акционерлік қоғамының вице-президенті болған.
Ал 2008-2017 жылдары Қызылорда қаласының әкімі, облыстық қаржы басқармасының бастығы, Қармақшы және Шиелі аудандарының әкімі, Алматы қаласы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары, «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамының басқарушы директоры, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.
2017 жылғы қазан айынан бастап 2021 жылға дейін Қазалы ауданының әкімі қызметін атқарды. 2021–2023 аралығында Сырдария ауданының әкімі болды.
2023 жылғы наурыздан Amanat партиясының партиялық тізімі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі VIII шақырылымының депутаты болып келді.
USD




