Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Қызылордада жеке мектеп ғимараты облыс меншігіне өткізілді

ҚЫЗЫЛОРДА. 4 наурыз. Қызылордада жеке меншіктегі мектеп ғимаратын облыстық коммуналдық меншікке беру туралы меморандумға қол қойылды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Осыған арналған рәсімге Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, сөз сөйледі.

Іс-шара Р.Әліарыстанұлы атындағы жеке мектепті мемлекеттік меншікке өткізуге арналды. Оған жауапты сала басшылары, селекторлық режимде қала, аудан әкімдері, зиялы қауым өкілдері куә болды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өз сөзінде білім беру саласында атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды. Соңғы жылдары бюджет қаржысының басым бөлігі әлеуметтік салаға, оның ішінде білім саласына бөлініп отыр.

«Өңірімізде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен тың бастамалар жүзеге асырылуда. Жас ұрпақтың сапалы білім алуы – жұмысымыздың басты басымдығы. Білім беру саласына соңғы 3 жылда 812 млрд 245 млн теңге, биыл 302 млрд теңге қаралды, – деді Нұрлыбек Машбекұлы. – Бөлінген қаржының түпкілікті мақсатқа жетуін қадағалаудың нақты шаралары қабылданған. 2023 жылдан бері «Фейс-бақылау» мобильдік қосымшасы қолданысқа енгізіліп, балабақшаларға жалған тіркелген 19 263 бала анықталды, 28 млрд 100 млн теңге үнемделді. Емхананың жалған анықтамасын тіркеу, негізсіз демалыс күндерін анықтау есебінен 6 млрд 700 млн теңге бюджетке қайтарылды.

Облыста демографиялық өсім мен халықтың көшіп-қону белсенділігі жоғары болғандықтан, оқушы санының жыл сайын артқаны байқалады. Жаңа оқу жылында 1-11 сыныпта 189 288 оқушы тіркелді, өткен оқу жылымен салыстырғанда, 4 364 балаға көбейген».

Аймақ басшысы осы ретте орын қажеттілігі жеке инвестиция есебінен де шешімін тауып жатқанын атап өтті. Жеке секторға мемлекет тарапынан қолдау жасалуда. Облыс басшылығы өз кезегінде таза, шынайы жұмыс істейтін кәсіпкерлерді үнемі қолдап келеді.

Өткенде мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 2023 жылдың қыркүйегінде ашылған «Oрда скул-2» жеке мектебін мемлекет меншігіне сыйға берді. Бүгін тап сондай тағы бір оқиға орын алды.

«Біздің ең бірінші міндетіміз – балаларымыздың жан-жақты, сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру. Өскелең ұрпақ тәрбиесімен айналысатын барша бастамаларыңызға сәттілік тілеймін және ортақ жұмысты бірлесіп атқаруға шақырамын!» – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Рәсімде облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов пен Р.Әліарыстанұлы атындағы жеке мектептің құрылтайшысы Шәркүл Иманбердиева мектеп ғимаратын облыстық коммуналдық меншікке беру туралы меморандумға қол қойды.

Сонымен бірге Шәркүл Иманбердиева, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов, «Ұлағат» мектебінің құрылтайшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалқазбек Әжібеков сөз сөйлеп, жас ұрпаққа сапалы білім берудің маңыздылығына тоқталды.

Айта кету керек, өткен жылы өңірде 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп салынып, пайдалануға берілді.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button