Қызылорданың сол жағалауында 500 орындық емхана бой көтереді

ҚЫЗЫЛОРДА. 19 ақпан. Сыр бойы бас қаласының сол жағалауында бүгін 500 келушіге лайықтанған жаңа емхананың іргетасы қаланды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің мәнбесіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осыған арналған іс-шараға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары және зиялы қауым өкілдері, ел ағалары қатысты.

Аймақ басшысы сол жағалауға қоныстанушылардың сұранысына сәйкес құрылысы басталған жаңа нысан тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыратынын атап өтті.
«Сыр өңірінде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен, жерлестеріміздің бекем бірлігінің арқасында байыпты бастамалар қолға алынып, жасампаз жобалар іске асырылуда. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру шаралары кешенді жүргізіліп келеді. 2022-2025 жылдары салаға 50 млрд 100 млн теңге қаржы бөлінді, 26 млрд 400 млн теңгеге 40 медицина нысаны салынып, пайдалануға берілді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы белгіленген жоспарға сәйкес толығымен орындалып, 10 млрд 700 млн теңгеге салынған 28 нысан халық игілігіне қызмет етуде. Жаңадан бой көтеретін емхана да шипа іздеген жандарға жылулық сыйлайтын орынға айналсын! Рамазан айы баршамызға құтты болсын! Оразаларыңыз қабыл болсын!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Рәсімде Ақмарал Әлназарова, Мұрат Ергешбаев құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Асылбек Тоғызбаев бата берді.
Айта кетейік, сол жағалауда бой көтеретін 500 орындық емхана тұрғындарға амбулаториялық-емханалық, диагностикалық және күндізгі стационарлық медициналық қызмет көрсететін көп салалы мекеме болады. Мұнда жалпы және акушерлік-гинекологиялық тіркеу, педиатрия, мамандандырылған және шұғыл медициналық көмек, профилактика және мектеп медицинасы бөлімдері қарастырылған.
Сонымен қатар, нысан 50 төсектік күндізгі стационар, дәрілік қамтамасыз ету бөлімі, орталық стерилизация, кір жуу орны, медициналық қалдықтарды сақтау, оқу кабинеттері, 50 орындық аудитория, 200 орындық конференц-зал және инженерлік-техникалық инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіледі.







