Алматыда «Менің ағаларым» кітабының таныстырылымы болды

АЛМАТЫ. 24 қараша. Бүгін Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада көрнекті жазушы-публицист, ғалым Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» атты кітабының таныстырылымы болып өтті. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Кешті белгілі ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып жүргізді. Модератор өзінің кіріспе сөзінде мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бұл жинағына басы сонау 2005 жылдан бері жазыла бастаған эсселерінің топтастырылғанын айта келіп, олардың әрбірінің кейіпкеріне жеке-жеке тоқталды. «Академик Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед ұрпаққа шамшырақ боларлық бір кітап арқылы он бес шамшырақты қатар жағып, қалың елге ұсынып отыр» деді ол.

Бұдан кейін кітап авторы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өзі сөз алып, бұл тақырыпқа қалай келгенін, эссеге керекті персонаждарды қалай таңдағанын, олармен тіршілікте қандай қарым-қатынаста болғанын, сондай-ақ әр жолғы мақаланың жазылу ерекшеліктерін әңгімеледі. Ол мұнымен бұл тақырыптың өзі тарапынан жабылып қалмайтынын, оның әлі де жалғаса беретінін, енді өзі бұған дейін ешуақытта көрмеген толымды тұлғалар жайында да қалам сілтейтінін, олар хақында көптеген архивтік материалдар жинағанын, соның ішінде ежелгі шығармашылық кеңістігі – Алаш қайраткерлері турасына қайта оралатынын айтты. Сонымен бірге әйелдер қауымы арасынан шыққан аяулы жандардың да келешекте ұмыт қалмайтынын, олар төңірегінде де жазу жоспары бар екенін баяндады.
Facebook әлеуметтік желісінде журналист Болатбек Төлепберген атап өткендей, автор «Тұлғаның толық болмысын ашуда ел тарихына да барлау жасай отырып, түрлі сындарлы кезеңдер, қоғамдық-саяси құбылыстардың кейіпкер тағдырына әсерін өткір публицистік тілмен саралайды». Ал оның шабытын шарықтатқан шерілердің шеруінде 15 танымал тұлға бар. Олардың керуен көшін академик Манаш Қозыбаев («Ғұлама»), академик Салық Зиманов («Ақсағарат»), академик Рымғали Нұрғали («Алашұлы»), қаһарман Рақымжан Қошқарбаев («Жаужүрек»), қаһарман Қасым Қайсенов («Қаһарман»), академик Төрегелді Шарманов («Азамат»), қаламгер Камал Смайылов («Ақжарылқап»), драматург Қалтай Мұхамеджанов («Абыз»), ректор Өмірбек Жолдасбеков («Арыстан»), академик Зейнолла Қабдолов («Шебер»), қайраткер Шаһмардан Есенов («Нартұлға»), сәулетші Шот-Аман Уәлихан («Ханзада»), декан Темірбек Қожекеев («Міртемір»), әке Абрар Құл-Мұхаммед («Асылзада»), зияткер Мұрат Әуезов («Жолаушы») түзеді.
Таныстыру рәсімінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҒА академигі Жанғара Дәдебаев, ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Алаш» халықаралық сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева, жазушы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Кәдірбек Сегізбай, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҒА академигі Қансейіт Әбдезұлы, медицина ғылымының докторы, АҚШ университетінің профессоры Алмас Шарман, жазушы-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қали Сәрсенбай, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Нұрғали Ораз, жазушы, «Тарлан – Үміт» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Жүсіпбек Қорғасбек, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай, Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген жиырма жылдан бері жинақталған құнды кітаптың жазылу стиліне, танымдық тұстарына, өнегелік өлшеміне талдау жасап, ондағы эсселер қаһарманына айналған он бес тұлғаның ғұмырларындағы ұрпаққа ұран етерлік ұрымтал жағдаяттарға назар аударды. Олардың барлығы дерлік аталмыш кітаптың қазақ тұлғатану саласын дамытуға қосылған сүтіні бөлек сүлей сүбе болғанын атап өтті.
Эссе – қазақ әдебиетінде бұрыннан бар жанр. Оның біршама наушалы нұсқаларын біз Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім», Сафуан Шаймерденовтің «Ағалардың алақаны», Әділ Дүйсенбектің «Менің Шерағам» жинақтарынан көреміз. Бірақ бұл жанрды біздің ортамызда дуылдай дамып, өрісті өркен алып кеткен деп тағы айта алмаймыз. Терең білім тәлімгері Мұхтар Құл-Мұхаммед жылдар бойы қоржыны қоңылтақсып, орны оқшырайып тұрған олқылықты осы фолианты арқылы толтырды. Ондағы әр мақаланың көтерер жүгі мен салиқалы салмағы өте ауыр әрі барынша биік. Кітап қазақ эссесінің қазіргі замандағы кескін-келбетінің келісті кестесі боларлықтай кенереге кенеліп тұр.
Осы тұсаукесер шарасына қатысқан сыншы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы бір кездері аталмыш жанрға: «Эссе – тұрақталған, қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан қарап, өзінше толғап, әрі дағдыдан, әдеттен, көне соқпақтардан бөлек, тың болжамдар мен түйіндеулерге құрылатын философиялық, эстетиканың, әдеби сынның, публицистиканың, көркем әдебиеттің жанры» деген анықтама берген еді. Ал Мұқаңның қаламынан туған эсселер профессордың сол концепциясы келесінің көбесінен күмәнсіз көрінеді.
Тағы бір айта кететін жайт, негізі, Мұхтар Абрарұлы бүгінде бүкіл әлем әдебиетіндегі ерекше екшеулі ернеуі бар жалпыға жағымды жанр саналып келе жатқан эссенің есігінен аттап кіруді жоғарыда айтылып отырған 2005 жылдан да біраз бұрын батыл бастап кеткен болатын. Оның мұндай портреттік эссесі ілкі мәрте 1991 жылы 12 желтоқсанда (өзінің туған күні!) «Қазақ әдебиеті» газетінде «Академик Қозыбаев» деген бастақырыппен жарық көрген-ді. Оқымыстының 60 жылдығына байланысты жазылған материал қаламгерді осы жолға жетелеп салып берген-тін. Кейін ол «Ғұлама» деген атпен қайта жарияланып, осы кітапқа кірді.
Тағы бір еске сала кететін нәрсе, Мұхтар Абрарұлының «Менің ағаларым» циклі бойынша дайындалған эсселері әдепкі кездері «Егемен Қазақстан», содан кейін біршама жылдар бойы «Қазақ әдебиеті», ал кейінгі кездері «Айқын» газеттерінің айқарма беттерінен орын алып тұрды.
Шара соңында «Менің ағаларым» кітабы Алматыдағы көпшілік және ғылыми кітапханаларға 10 данадан берілді.
Енді жалпы таралым «Атамұра» корпорациясы жүйесіндегі кітап дүкендері арқылы қалың оқырман қауымға жол тартатын болуы керек.







