Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Денсаулық сақтау министрлігі фармация саласын мықтап қолға алды

АСТАНА. 18 қараша. Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі таңда республиканың фармация саласында түбегейлі реформа жүргізіп жатыр. Бұл туралы өз мәнбесіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

Мұның бірсыпыра жайын Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Facebook әлеуметтік желісінде тарқатып жазды.

«Бүгін 2025 және алдағы 2026 жылға арналған ТМККК және МӘМС шеңберінде халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша «СҚ-Фармация» ЖШС базасында кеңейтілген жұмыс кеңесін өткіздік», – деп атап өтті ведомство басшысы.

Оның айтуынша, 2025 жылға Бірыңғай дистрибьютор 520 млрд теңгеден астам сомаға 1600-ден астам дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алған. Бұл, айналып келгенде, «Жыл бойы қосымша қажеттілік бойынша сатып алулар жүзеге асырылды, бұл пациенттерді жаңадан анықталған ауруларды ескере отырып, уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді».

Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, қосымша сатып алулар орфандық және онкологиялық аурулармен, эпилепсиямен, гемофилиямен, қант диабетімен және ерекше назар аударуды қажет ететін басқа да аурулармен ауыратын пациенттерді қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Жалпы, 2026 жылы тегін дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға жалпы қажеттілік 567 млрд теңгеден асады, ал «СҚ-Фармация» 2000-нан астам атауды сатып алады, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 7,2%-ға артық. Бұл ретте үнемдеуді алдын ала бағалау өткен жылмен салыстырғанда 35%-дан асады.

«Бүгін Бірыңғай дистрибьютор басшылығы сатып алу науқанының алдын ала нәтижелерін ұсынды, сондай-ақ өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларының сұрақтары мен ұсыныстары тыңдалды», – деп атап көрсетті министр.

«Мен еліміздің медициналық ұйымдарының нақты қосымша қажеттілігіне терең талдау жасауды және қажет болған жағдайда өңірлердің арасында препараттардың орнын ауыстыруды қоса алғанда, үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ететін шешу жолдарын әзірлеуді тапсырдым. Барлық нозологиялар бойынша, оның ішінде қант диабеті бойынша амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті препараттар сатып алынатынын, ал сатып алу көлемі жаңа пациенттер үшін 2025 жылғы көлемге қосымша 9,5%-ға ұлғайғанын атап өтемін», – деп баяндады Ақмарал Шәріпбайқызы.

Министр сонымен бірге «СҚ-Фармация» базасында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешу үшін жұмыс тобын құруды тапсырғанын мәлімдеді. «Мәселе ерекше бақылауда», – дейді ол осыған орай.

Қазір салада сатып алу науқаны жалғасуда. Ал алдағы жылғы қаңтар айынан бастап препараттарды бүкіл елде медициналық ұйымдарға жөнелту басталады.

 

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button