Сыр бойы өнер шеберлері Швейцария сахнасында өнер көрсетті

ҚЫЗЫЛОРДА. 24 қазан. Сыр өнерпаздары 23-24 қазан күндері Республика күні ұлттық мерекесі мен Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толу мерейтойына орай Швейцарияның Женева, Берн қалаларында концерт қойды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Өнер кешін Швейцариядағы шетелдік елшіліктердің өкілдері, Женева және Берн қалаларындағы қазақ диаспорасы мен жергілікті тұрғындар тамашалады.
Концерттің мақсаты – қазақ мәдениетін, ұлттық өнерді, Сыр өңірінің жыраулық дәстүрін, ұлттық музыканың жауһарларын төрткүл дүниеге паш еткен халық аспаптарды таныстыру. Швейцария сахнасында Сыр өңірінен шыққан республикаға танымал мәдениет майталмандары М.Ниязов, Ү.Медеуова, А.Шағдатов, М.Мақұлбеков, Ә.Қуаңбаев, Т.Өтенова, Б.Орынбасар, М.Аманжолов, А.Шадаев, А.Махамбетжан, А.Әбді, А.Төреғали және М.Жантөре, А.Шүкіров, Ж.Жұмабек, Ж.Қайыпберген, Н.Рүстемұлы, З.Нысанбаев, Т.Аяпова қатысып, өнер көрсетті.
Гастрольдік сапар аясында көрерменге концерттік бағдарламамен қатар, қазақтың ұлттық тағамдары, ұлттық нақышта жасалған сый-сияпат ұсынылды.
Жұртшылық таным мен тағылымға толы кеш сыйлағаны үшін сырбойылық өнерпаздарға алғыс білдірді.
Айта кету қажет, осы жылы Наурыз мерекесінің тарихи және мәдени маңызын түсіндіру, әлем жұртшылығына таныстыру мақсатында Испания, Финляндия, Эстония мемлекеттерінде Сыр өнерпаздарының концерті өткен болатын.







