ЕО «Путинді соттайтын трибуналға» алғашқы 10 млн еуроны бөлді

БРЮССЕЛЬ. 13 қазан. Еуропа одағы Ресей диктаторы Владимир Путин мен оның қандықол нөкерлерін соттау үшін құрылатын сот үшін алғашқы қаржыны шығарды. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Еуропа одағы Ресейдің жоғарғы басшылығын Украинаға қарсы қылмыстары үшін соттайтын халықаралық ұйым – «Путин үшін трибуналды» қаржыландыруды бастады. ЕО трибуналды ұйымдастыруға 10 млн еуро бөліп отыр. Мұның жайын 13 қазан, дүйсенбі күні Киевке жасаған сапары барысында Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас мәлімдеді.
«Ресейдің Украинада жасаған соғыс қылмыстары айдан анық көзге ұрып, дәлелденіп тұр. Жазасыз қалған қылмыстар тек қана жаңа зұлымдықтарға алып барады», – деп жазды Каллас Х әлеуметтік желісінде. Оның айтуынша, қазір бөлінген қаржы «айыптылар өздері жасаған басқыншылық қылмысынан құтылып кете алмайтынына кепілдік етілуіне» мүмкіндік береді.
Еуропалық дипломатияның басшысы сондай-ақ Украинаға «Ресей ұрлап әкеткен балалар мен сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандарын (соғыс кезінде болған – ред.) қолдауға» жұмсалатын 6 миллион еуроның Украинаға аударылатынын хабарлады.
Трибуналды ұйымдастыру жөнінде жұмыстар жүріп жатқаны биылғы ақпан айында белгілі болды, ал 25 маусымда Еуропа кеңесінің бас хатшысы Алан Берсе мен Украина президенті Володимир Зеленський Страсбургте оны құру туралы келісімге қол қойды. Оның кезінде тергеушілер кең ауқымды басып алу соғысы басталған 2022 жылдың емес, 2014 жылдың ақпанынан бергі оқиғаларды зерттейтін болады.
Украина Сыртқы істер министрлігіндегілер мұның Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейінгі бірінші халықаралық сот органы болып табылатынын, онда тұлғалардың «қандай лауазымдарды атқарғандарына қарамастан, тергеуге алынып, құқықтық қудалауға түсетінін баяндады.






