Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Батыс баспасөзі: Аляскада Путин өзін қожайын сияқты еркін ұстады

ЛОНДОН. 16 тамыз. Әлемнің ағылшын тілді мәтбұғаты Аляскада өткен саммитте РФ диктаторы Владимир Путиннің өзін айбынды етіп көрсетуге тырысқаннын жазып жатыр. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Ағылшын тілді бұқаралық ақпарат құралдары Аляскада Дональд Трамп пен Владимир Путиннің қатысуы арқылы өткен саммиттен көпшіліктің күткені өте көп болғанына қарамастан, АҚШ-тың бірде-бір позиция бойынша жеңіске жете алмағанын атап өтуде.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей диктаторы Владимир Путиннің РФ басқыншы армиясы Украинаға кең ауқыммен басып кіргелі бері өткен бірінші кездесуі Ақ үйдің күткеніндей оң нәтиже әкеле қойған жоқ. Аляскада керуен керген саммит соғысты тоқтату жөніндегі келісіммен аяқталмады, іс жүзінде ол өзінің ескі тәсілдерін тағы да қолданған Путиннің өктемдігімен кестеленді. Дегенмен, Кремльдің көсемі де бәрібір таразы басын өзіне қарай толық аудара алмады. Ағылшын тілді көптеген беделді басылымдар мен ақпарат агенттіктері кездесудің Батыстың толық күйрей жеңілуімен тәмамдалды деген тұжырымға келді.

Баспасөз мәслихатын бақылай қараған журналистердің айтуларынша, онда Путин ойынның ережесін өз қолына ұстап отырғандай сезініп отырған. Британның Sky News арнасының тілшісі Айвор Беннетт бұл оқиғаны өзі қатысқан «брифингтердің арасындағы ең нашар брифингтің бірі» болғанын атап өтті. Оның айтуынша, Трамп ұзақ уақыт бойы журналистердің бірде-бір сұрағына жауып бермей отырған – шамасы, Путиннің өзі қойған талаптың бірі осы болса керек.

Financial Times сырты бүтін сияқты болып көрініп тұрған саммиттің іші толған түтін екенін жазды. Мұны газет кезекті мәрте тіркелген күйреу деп бағалады.

Кремльдің келіссөзді көп қырлы жағдайда өтті деп мәлімдегеніне қарамастан, кездесу өзінің белгіленген уақытынан көп бұрын және ешқандай нақты нәтижесіз және ілгері жылжусыз аяқталды.

Путин кезекті мәрте өзінің «парақтарды кері қарай бұру», егер «украин мәселесі» болмаса, АҚШ пен Ресей арасында керемет қарым-қатынас орнауы мүмкін екені жөніндегі тезистерін қайталап шықты. Ол іс жүзінде ашықтан ашық өз жолдарында тап осы Украинаның кесе-көлденең тұрғанын атап өтті.

Трамп өз кезегінде Украинадағы соғысты тоқтатуды талап етті, бірақ ол Путиннен бұған қатысты титтей де міндеттеме ала алмастар, Аляскадан аттанып кетті. Ақ үйдің қожайыны бұған қоса Ресейді «өте қуатты держава», ал Украинаны «орасан зор соғыс машинасымен соғысып жатқан кішкентай ел» деп сандырақтады. Оның мұндай жағымпаздыққа малынған былжырақ мәлімдемесі Уашингтон мен Еуропа елдерінде бір-бірімен қайшыласқан кереғар пікірлерге толы реакция туғызды.

Британияның The Telegraph басылымы тағы бір жайтқа назар аударды: Трамп саммиттің барысында Путинді бірнеше рет әзіл түрінде «босс» деп атады. Бұл құлаққағыс сол сәтінде ыңғайсыз болып естілді, себебі, Америка президенті Украинадағы соғыстың бар жауапкершілігі мойнында тұрған Мәскеуді қысып алудың орнына бұлайша жарамсақтануы екіұдай сезім туғызды.

Кездесуде Путин іс жүзінде соғысты тоқтатуға қарай бірде-бір қадам жасаған жоқ. Ол керісінше Киевтің капитуляция жасап, берілуі керектігін, соғыстың бұдан арғы барлық жауапкершілігі Украина мен оның одақтастарының мойнына түсуі қажеттігін ишаралап өтті.

Кремль диктаторының масайрауының финалдық аккорды оның Трампты Мәскеуге қонаққа шақыруы болды. Осымен бәрі бітті: кездесуде журналистер сұрақтарына ешқандай жауап берілмеді, соғысты аяқтауға қатысты нақты бір келісім жасалмады, оқиғада ілгері жылжушылықтың нышаны да болған жоқ. Батыс мәтбұғаты атап өткендей, кездесуде ешқандай жаңалық та, соған ұқсас әрекет те болмады, ол Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын тоқтатуды мүлде қаперіне алып отырмағанын тағы айғақтай түсті.

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button