Ресеймен әскери одақтас Қазақстан НАТО-ға бет бұра бастады

АСТАНА. 6 маусым. Ресейдің Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымындағы (ҰҚШҰ) одақтасы – Қазақстан Солтүстік альянсқа (НАТО) қарай бағыт ұстау жолына көшті. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазақстан Кремль үшін ауыр тиетін тағы бір жаңа қадам жасады – бұл жолы ол елдің қорғаныс саласында басқа жол таңдады.
«Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымындағы Ресейдің одақтасы болып табылатын Қазақстан НАТО елдерімен әскери ынтымақтастықты кеңейте бастады», – делінген хабарламада.
«Қазақстан мен Ұлыбританияның қорғаныс министрліктері биылғы және алдағы жылдарға ынтымақтастық туралы келісімге келді. Құжатқа Қазақстан делегациясының Ұлыбритания байтағына сапары барысында қол қойылды», деп атап көрсетті республика қорғаныс ведомствосының баспасөз қызметі.
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйін талқылап, алдағы уақыттағы міндеттерді белгіледі. Негізгі бағыттардың бірі Қазақстан армиясы сарбаздарын Ұлыбританиядағы әскери жоғары оқу орындарында оқыту болмақ. Жоспарда бітімгершілік жаттығулары мен ағылшын тілі курстары да бар.
Өткен жылы Астана мен Лондон стратегиялық әріптестік туралы құжатқа қол қойды. Бұдан кейін Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің басшысы Орталық Азиядағы жобаларға – сауда, тұрақты даму және аймақтық ынтымақтастық салаларына 50 миллион фунт стерлинг бөлетінін баяндады.
Өсіп келе жатқан геосаяси шиеленіс жағдайында Қазақстан қорғаныс саласын нығайтуды жалғастыруда. Өткен айда артиллериялық оқ-дәрі шығаратын жаңа зауыттың құрылысы басталды, оның ішінде НАТО стандарттарына сәйкес 155 мм снарядтар. Мақсат – импорттық қаруға тәуелділікті азайту.
Сонымен бір мезгілде Астана сыртқы саясатын әртараптандыруда және Ресеймен жаңа одақтар мен бірлестіктерге кіруге сақтықпен қарайды. Жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің БРИКС-ке қосылуды жоспарламайтынын және серіктес мәртебесімен шектелетінін айтты. Бұл шешімді түсіндірген Қазақстан басшысы «прагматикалық себептерді» және ұйымның нақты құрылымының жоқтығын алға тартты.