«Қайсар» жанкүйерлері Артаевтың алдарына келуін талап етті

ҚЫЗЫЛОРДА. 15 мамыр. Кеше Қызылордада өткен «Қайсар» мен «Ақтөбе» футбол клубтары кездесуінен кейін жанкүйерлер Артаевқа өз реніштерін білдірді. Бұл туралы orda.kz ақпарына сүйенген rast,kz хабарлайды.
Ғ.Мұратбаев атындағы стадионда ойналған матчта меймандар жеңіске жетті. Ойын 2:1 есебімен ақтөбеліктердің пайдасына шешілді.
Бірінші таймда қонақтар сапынан Жайро Жан есеп ашса, екінші кезеңде Дидар Жалмұқан таразы басын теңестірді. Дегенмен Әлібек Қасымның пасын Лев Скворцов голға айналдырып, командасына қатарынан төртінші жеңісті сыйлады.
Матчтан соң жергілікті жанкүйерлердің жүйкесі сыр берді. Себебі өткен 9 турда бірде-бір жеңіске жетпеген «қасқырлардың» Премьер-лигадағы жағдайы күн санап нашарлап барады. Еншісінде небәрі 4 ұпайы бар команда турнир кестесінде 12-сатыда келеді.
«Қайсар» командасының бас жаттықтырушысы Виктор Кумыков төмен нәтиженің себебін тәжірибелі футболшылар санының аздығымен түсіндірді.
Матчтан кейін жанкүйерлер стадионнан кетпей, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы бастығы Бақтияр Артаевтың елдің алдына шығып, көптің көкейіндегі сауалдарға жауап беруін талап етті.
«Легионердің бәрін алып тастады. Ертең Премьер-лигадан ұшсақ, нәтижеге кім жауап береді?! «Қайсар» халықтың ақшасына күн көріп отырған клуб, ендеше неге бір адам диалогқа шықпайды? Неге облыстың спортына жауапты адамдар алдымызға шығып мән-жайды түсіндірмейді? Біз «Атлетико Бильбао» емеспіз, бізде академия жоқ, тиісінше жылына тұрақты түрде бес-алты ойыншы жастар қатарынан қосылады дей алмайсың. Ендеше бұлардың ойы қандай?», – деп шүйлікті жанкүйерлер.
Соңынан көпшілік алдына клубтың бас жаттықтырушысы Виктор Кумыков шықты. Алайда жиналғандар маманға ешқандай уәжі жоқтығын, сұрақтың бәрі басшылыққа екенін айтты.
«Сізге ешқандай артар кінәмізз жоқ. Сіз берілген тапсырманы орындап жатсыз, сіздің де мүмкіндігіңіз шектеулі екенін білеміз. Бізге осы былықтың артында тұрған адамдар керек. Олардың мақсаты, ойы қандай, соны білгіміз келеді. Бізге бас бапкер мен спорттық директор емес, басшылық құрамның адамдары керек, солар шықсын», – деді көпшілік.
Кумыков төмен нәтиженің себебін тәжірибелі футболшылар санының аздығымен түсіндірді.
«Бір ғана оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Аз-маз ойыншы бар, бірақ солардың біреуі қатардан шығып қалса, оны алмастыратын ешкім жоқ. «Тұрамен» ойыннан соң сіздердің талаптарыңызды жеткіземіз. Сол кезде кездесейік, әйтпесе дәл қазір ештеңе шешілмейді», – деді ол соңында.