Тихий: Путин Ресейдің заңы бойынша 20 жылға сотталуы тиіс

КИЕВ. 28 ақпан. Украина Сыртқы істер министрлігі Ресейдің өз заңы бойынша Путиннің 20 жылға бас бостандығынан айырылуы керек екенін мәлімдеді. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Украина Сыртқы істер министрлігі Путиннің басқыншылық соғысты бастау арқылы Ресей заңы бойынша қылмыскерге айналғанын атап көрсетті.
Украина СІМ баспасөз хатшысы Георгий Тихий 27 ақпанда Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың мәлімдемесіне түсіндірме бере отырып, Ресейдің Украина аймақтарын өз территориясы деп тануға немесе аумақтық талаптар қоюға құқығы жоқ екенін айтты.
Тихий брифингте РФ сыртқы істер министрі, Кремльдің басқа шенеуніктері секілді, Путиннің іс жүзінде құнсыздандырып жіберген Конституциясына сүйене отырып, өз талаптарын қоятынын еске салып өтті.
«Бұл – режимнің ту-талақайын еткен конституциясы және олардың диктаторлары ширек ғасырдан бері билік басында отыр, ал ол шын мәнінде өз конституциясының жұлым-жұлымын шығарып, әбден бүлдіріп бітірген», – деп атап өтті спикер.
Тихий Украинаның аумақтық шекараларын (уақытша басып алынған аумақтармен бірге) 2022 жылдың күзінен бастап БҰҰ-ға мүше 143 мемлекет халықаралық деңгейде мойындағанына назар аударды.
Украина Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы сонымен бірге оккупациялаушы елдің шенеуніктерін тек қолайлы кезде ғана өздерінің ережелеріне жүгінетінін сынға алды. Ол басқыншыларды таңдамауға және Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 353-бабына сәйкес «басқыншылық соғысты бастау және жүргізу 7 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланатынын» есте сақтауға шақырды. Негізі, жоғарыда айтылғандар Ресей заңы бойынша Владимир Путин түрмеге отыруы керек дегенді білдіреді.
Dialog.ua хабарлағандай, Лавров 26 ақпанда соғыс қимылдарын тоқтатып, аумақтарды Украинаға қайтарудан бас тартқан болатын.