Шерзаттың әкесіне қоқан-лоққы көрсеткендер жазаға тартылады
АСТАНА. 15 қазан. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов 16 жастағы Шерзаттың әкесіне қоқан-лоққы көрсеткендерге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әділ түрде жүргізіледі», – деп уәде берді Әленов.
Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігінің өкілдері қоқан-лоққы фактісі бойынша жәбірленуші тараппен сөйлескен. Бүгін жауап алу жоспарланған. Жауап алу барысында Шерзаттың әкесі Қаржаубайға кімнің айбат көрсеткені анықталатыны айтылды.
Айта кетейік, бұған дейін марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов өзіне әлдекімдердің бірнеше рет қоқан-лоққы көрсеткенін мәлімдеп, үндеу жасаған еді.
«Мені бір емес, бірнеше рет қорқытты. Алып кетулер болды. Телефонмен де. «Заңгерміз, адвокатпыз, бірге оқып едік» деп келіп, алдап, мені далаға шақырып алып, қорқытулар болғаны рас», – деді марқұмның әкесі.
Осы тұста ол ашық сотты талап ететінін жеткізді.
«Халқымнан сұрайтыным – еш қан төгілмесін. Ашық сот болуын талап етем. Ашық сот болса, оң шешім болады. Еш арандатуға түспеңіздерші. Аналар жыламасын, балалардың қаны төгілмесін. Бауырларым, жігіттер, арандамайықшы, алданып қалмайық. Жоғарыдағы ағалар да заң аясында қолға алып жатыр. Ертең Астанадан, ІІМ-нен адам келеді деп айтылды. Сол айтарым. Балам өлді. Енді мен басқа балалардың болашағы жақсы болсын деп тілеймін. Ниетім де, арманым да осы», – деді ол.
Еске сала кетейік, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында болған қайғылы жағдай қоғамда үлкен дүрлігіс тудырды. Сол түні бұзақылардың беймезгіл уақытта келіп, сұраған сырасын ала алмағандары үшін дүкенде төбелес шығарады. Оларға сол мезетті үш машинамен өздерінің қандыбалақ жолдастары көмекке келеді. Сөйтіп, 13 адамнан құралған топ дүкен егесін ұрыс-соға бастайды. Ал әкесіне ара түскен16 жастағы Шерзат Полатқа қарақшылар пышақ сұғып алады. Соның салдарынан жасөспірім бозбала ауруханаға жетпей үзіледі.
Кейін, 12 қазан күні түнде бұзақылар тобы марқұмның отбасы тұратын үйді өртеп жіберді.
Ақпарат мәнбелері бұлардың бәрі «Хуторлық» деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері екенін атап көрсетіп жатыр.