Курск облысында Ресейдің 3000 жауынгері «қазандыққа» түсіп қалды
КИЕВ. 29 тамыз. Украина Қарулы күштері Курск облысында Ресейдің 3000-ға жуық солдатын қамтыған әскери бөлімшелерін «қазан шұңқырға» қуып тықты. Бұл туралы «Диалог. ua» ресурсының дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Таблоид бүгін Украина әскерлерінің қалың қоршаудың соңғы сызығын айнала жауып тастап, жаудың 3000-ға жуық жауынгерін тыпыр еткізбей қойғанын жазды.
Мұны алғашқылардың қатарында баяндап үлгерген немістің Bild басылымы осыған байланысты әскери сарапшы Джулиан Репкенің аналитикалық есебін жариялады.
Келіп түскен ақпаратқа сәйкес, Украина Қарулы күштерінің алдыңғы шептегі бөлімшелері бұдан бірнеше күн бұрын Краснооктябрьское елді мекенін толық бақылауға алған болатын, бұл «қазан шұңқырдың» Ресей әскери күштері көбірек шоғырланған шығыс шекарасын толығымен жабуға мүмкіндік берді. Осылайша бірнеше мың орыс сарбазы қоршауға алынды, батыс жағында Украинаның мемлекеттік шекарасына, солтүстігінде үш көпірі де жойып жіберілген Сейм өзені ауданы ауқымына тіреліп тұр.
Репе өзінің есебін спутниктен түсірілген суреттерді айғақ етіп тарту арқылы жариялады.
Ресейліктер өз жағдайларының қазір өте-мөте ауыр екенін растап отыр. Bild мәнбесінің айтуынша, қазан шұңқырдың ауданы шамамен 700 шаршы шақырымға барады. Ресей әскери күштері орналасқан периметрі 20-дан 35 км-ге дейінгі тіктөртбұрыш сыртқы әлеммен үзілді-кесілді байланысын үзіп алған. Мұнда жабдықтау жолдарының бәрі кесіп тасталған, яғни толық қоршауда тұр. Келіп түсіп жатқан ақпаратқа қарағанда, Ресей әскери күштерінің көп бөлігі Теткино мен Глушково елді мекендерінде қоршалған. Олардың әрқайсысында 1000-ға жуық сарбаз бар, тағы 1000-ы Украинамен шекараның бойында тұзаққа түскен.