23 жылға сотталған «вагнерші» 8 күннен соң бостандыққа шығып, соғысқа кетті
МӘСКЕУ. 26 тамыз. Зейнеткер әйелді өлтіргені үшін 23 жылға сотталған «вагнерші» небәрі 8 күннен кейін түрмеден босап шығып, тағы да майдан даласына аттанды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресейде кісі өлтіргендері үшін сотталғандардың қылмыстық жауапкершіліктен аяқ астынан құтылып кетушілік әрекеттері қалыпты жағдайға айналды. Бұл үшін оларға өз еріктерімен соғысқа бару үшін келісімшартқа отырса жетіп жатыр. Сонда оның қандай да бір қылмысы бірден кешіріліп, колониядан шыға алады. Кейбіреулер тіпті мұндай «жеңілдікті» екі рет пайдаланып үлгеріп жатыр.
Baza арнасының мәліметі бойынша, «Вагнер» жеке әскери компаниясының Украинадағы соғысқа қатысудан босап келгеніне екі апта ғана болған жауынгері Иван Россомахин 85 жастағы зейнеткер әйелді өлтіргені үшін 23 жылға тар қапасқа қамалу жазасына кесілген.
Алайда 29 жастағы Россомахин колонияда бар-жоғы 8 күн ғана отырды. Содан кейін ол тағы да контрактіге қол қойып, соғысқа аттанып кеткен.
«Вагнерші» бірінші мерзімін 2020 жылы кісі өлтіргені және тонағаны үшін алған екен. Сол үшін 14 жыл колонияда отыру жазасына тартылған. Бірақ оның «бағына» қарай, екі жылдан кейін Ресей Украинаға тұтқиылдан соғыс ашты… Содан кейін қылмыскер «Вагнер» компаниясының сапынан бір-ақ шыққан.