Париж-2024: Айбек пен Назым жеңіске жетті, ал Асланбек ұтылып қалды (видео)
ПАРИЖ. 28 шілде. Бүгін Париж рингінде күш сынасқан үш боксшымыздың екеуі жеңіске жетіп, бір атлетіміз жарыс жолынан шығып қалды. Бұл туралы 1bol.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Рингке бұлардың бәрінен бұрын шыққан 92 келіге дейінгі салмақтағы Айбек Оралбай (суретте) 1/8 финалдық іріктеу кезеңінде нигериялық Олайтан Адам Олаормен жұдырық сілтесті. Ұрыс біздің бағланның толық басымдылығымен өтті. Арасында ол бір рет қарсыласын баудай сұлатып, нокдаунға да түсірді. Сөйтіп, оның барлық раундта таза ұтқанына арбитрлардың да, көрермендердің де еш күмәні болған жоқ – 5:0!
Өкінішке қарай, бұдан кейін өзінің 1/16 финалдық іріктеу сынағын өткізу үшін рингке көтерілген 71 келіге дейінгі салмақтағы Асланбек Шымбергенов жөнінде мұны айта алмайсың. Ол, өзі соңынан айтқандай, бұл шайқаста «Алланың қалауымен» жеңіліп қалды.
Команда капитаны деген атағы бар жігітіміз айқастың алғашқы раундынан бастап қарсыласынан тайсалып шайқасты. Оның иорданияық Зейад Ешайштан аса бір басымдылығы да байқалмады, қайта бәсекелесі бүкіл жекпе-жек бойына өршелене алға ұмтылып, үздіксіз шабуылдаумен болды. Соған қарамастан, алғашқы екі раундта жиектегі төрешілер жеңісті 3:2 есебімен бізге берді. Алайда Асланбек осы артықшылықты сақтап қала алмады. Керісінше табандылығы мен күш-қуаты жетіспеген ол иорданиялық арабтың өзін толассыз тоқпақтың астына алуына қарсы төсер айла таппай, төпелеп түтіп жеуіне еріксіз жол беріп қойды.
Бір айта кетерлігі, Асланбек Шымбергенов соңғы Азия чемпионатында тап осы қарсыласы – Зейад Ешайшты бет қаратпай жеңіп шыққан еді. Бұл жолы сол үдеден көріне алмады. Өте өкінішті….
Бұл күнгі шайқастардың нүктесін 50 келіге дейінгі салмақтағы қызымыз, әлемнің екі мәрте чемпионы Назым Қызайбай түйді. Итальян Джордана Сорретиномен 1/16 финалдық іріктеу бәсекесінде бәс таластырған ол бірінші раундта ұтылып қалғанымен, қалған екі кезеңде есесін еселеп қайтара білді.