Парижде Қазақстан спорт делегациясына қандай жағдай жасалған?
ПАРИЖ. 23 шілде. Шілденің 20-нан бастап Париждегі олимпиялық қалашыққа келіп орналаса бастаған Қазақстан құрамасының спортшыларына да басқалармен бірге барлық жағдайлар жасалып жатыр. Бұл туралы Olympic.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазақстан Ұлттық олимпиялық комитеті сайтының жазуына қарағанда, республика олимпиадалық делегациясы Парижде өз қызметін жалғастыруда. Мұнда ол 2024 жылғы Олимпиаданы ұйымдастыру комитетімен және Халықаралық Олимпиада комитеті өкілдерімен бірлесе отырып, спортшылардың күтіп алу және орналастыру жұмыстарын тыңғылықты атқаруда.
Құрама спортшыларының алғашқы тобы олимпиадалық ауылға жеткенге дейін делегация өкілдері ойынды ұйымдастыру комитетімен бірге барлық атлетті тіркеуден өткізді. Сондай-ақ, спортшылар жайғасатын номерлерді қабылдап алған.
«Делегация құрамына кірген қызметкерлердің алғашқы жұмыс күндері ұйымдастыру комитетімен ресми кездесу өткізіп, құрама спортшыларын тіркеуден басталады. Әрбір спортшының тегін бірнеше рет тексереміз. Сондай-ақ, спорт түрлері бойынша өтінім жасалып, спортшылардың аты-жөні, салмағы секілді мәліметтер түгел көрсетіледі. Өтінім нақтыланып, қол қойылған соң, бөлмелерді қабылдау басталады. Біздің міндетіміз – әрбір номерді қарап, қабылдап, қол қою. Күнде таңертең ХОК ұйымдастыру комитетінің жұмысына қатысты жиналыс өткізеді. Бұл жиында әрбір ҰОК өз ұсынысын айтып, ұсынылған жағдайға қатысты сауалдарын шеше алады. Мұның бәрі бақылауда: тапсырма беріледі, ал келесі күні жауапты тұлғалар енгізілген өзгерістер жайлы есеп береді. Шаторудағы олимпиялық ауылды қабылдап алуға бір тәулік уақыт берілді. Бұл Парижден 300 шақырымда орналасқан мекен. Одан бөлек, Қазақстаннан келетін сауалдарға жауап беру де біздің міндетімізге кіреді», – дейді Қазақстан ҰОК спорт департаментінің басшысы Бектұр Қиятбай.
Олимпиялық ауыл қажетті инфрақұрылыммен түгел жабдықталған: мұнда үлкен асханадан бастап, сұлулық салонына дейін бар
«Токио Олимпиадасымен салыстырғанда, Париждегі олимпиялық ауыл ашық, қозғалысқа шектеу жоқ. Спортшылар үшін үлкен асхана, жаттығу залдары, фитнес-орталықтар, құлшылық жасайтын орындап, сондай-ақ, атлеттердің бір-бірімен кездесіп, бос уақыт өткізіп, жарыс көретін аймағы да бар. Оларға арнап түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Олимпиялық ауыл аумағында сұлулық салоны, монша, шаштараз бар, медитация мен релаксацияға да орындар бөлінген», – дейді департамент басшысы.
Оның айтуынша, атлеттердің мәзірге алаңдауына еш негіз жоқ. Мұнда тағам түрлері өте көп.
«ХОК мәзірді жергілікті диетолог аспаздармен бірлесе отырып дайындады. Тамақтану кезіндегі әрбір ерекшеліктер назарға алынды. Спортшылар көбірек жайғасқан сайын, секторлар да ашыла түседі. Азиялық, еуропалық, италиялық және халал секторлар ашық. Салмақ сақтау кезінде мәселе болмауы үшін мәзірде калорияға дейін жазылған. Бәрі ескерілген», – деп түсіндірді Қиятбай.
Қазақстандық спортшылар бас олимпиялық ауылда және Шаторуда орналасқан кешенде тұрады
«Біздің атлеттер негізгі олимпиялық ауылда және Шаторуда тұрады. Соңғысында тек қана мергендер тұрады, себебі, бұл тек қана ату спорты түрлеріне арналған кешен. Біз спортшылардың бірнеше легін орналастырлық. Логистикаға келгер болса, алғашында сұрақтардың көп болуы түсінікті жайт. Әрбір қаласының транспорт қозғалысында өз ерекшеліктері бар: кептелістер, жолайрықтар және т.б. Парижде бөлінген жолақтар бар, бірақ, бұрылу және ауысу кезінде қиындықтар туындайды. Спортшылар үшін ешқандай проблема жоқ. Болған жағдайда да, елеусіз», – дейді ҰОК спорт департаментінің басшысы.
Олимпиялық ауылда жалпы есебі 14,5 мың адам тұрды. Оның ішінде 9 мың спортшы бар.
Еске сала кетейік, Парижде 25 шілде мен 11 тамыз аралығында XXXIII жазғы Олимпия ойындарында Қазақстанның 80 өкілі спорттың 25 түрі бойынша 92 түрлі сайысқа түседі.