Бокс: Мұхаммедсабыр Базарбайұлы лицензия үшін шешуші шайқасқа шығады
БАНГКОК. 1 маусым. Бангкокта өтіп жатқан олимпиялық лизенциялық турнирде 63,5 келідегі Мұхаммедсабыр Базарбайұлы жолдама жолында бір жекпе-жек өткізу қалды. Бұл туралы Olympic.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Турнирге Африкадан – 25, Америкадан – 27, Азиядан – 31, Еуропадан – 39, Океания аймағынан – 9 мемлекеттің, барлығы 131 елдің 578 боксшысы қатысып жатыр.
Мұнда ерлер 57, 80 келіге дейінгі салмақтарда – 3, ал 51, 92, +92 келіге дейінгі салмақтарда – 4, сондай-ақ 63,5 және 71 келіге дейінгі салмақтарда 5 квота, әйелдер 60 келіге дейінгі салмақта – 3, ал 50, 54, 57, 66, 75 келіге дейінгі салмақтарда 4 квота алады.
Бүгін Мұхаммедсабыр Базарбайұлы лицензиялық турнирдің жұбаныш бөлігінде колумбиялық Хосе Мануэль Виафараны 3:2 есебімен жеңді. Шайқас аса тартысты өтті. Ақырында біздің бағлан таразы басын өзіне аудара білді. Енді ол Олимпиялық ойындар лицензиясына ие болу үшін молдовалық Александр Парасичпен шешуші жекпе-жек өткізеді.
Сондай-ақ, бүгін әйелдер құрамасынан Назым Қызайбай мен Валентина Хальзова да ширек финалға жолдама алды. Олар алдағы сында жартылай финалға шықса, Олимпиада квотасына қол жеткізеді.
Бұл турнирге Қазақстанның ерлер құрамасынан 1, әйелдер құрамасынан 5 спортшы аттанған еді. Содан әйелдер командасының 3 мүшесі жарыс жолынан шығып қалды. Атап айтқанда, 54 келідегі Ұлжан Сәрсенбек, 60 келідегі Римма Волосенко, 66 келідегі Наталья Богданова жарыс жолын жалғастыра алмады.
Сол сияқты Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мұның алдындағы ширек финалда кубалық Эрисланди Альварестен 0:3 есебімен ұтылып қалған болатын. Бірақ бұл салмақта 5 квота болғандықтан, ол қалған жалғыз жолдама үшін шайқасу құқығын алды. Міне, сол жолда өтетін бірінші жекпе-жегін бүгін жеңіспен аяқтап отыр.
Суретте: Мұхаммедсабыр Базарбайұлы колумбиялық қарсыласымен шайқаста