Жетпісте де жігіт едің жігерлі,
Алшаңдаушы ең үзіп жиі шідерді.
Есі кірген елге керек едің ғой,
Ана жаққа неге ерте жіберді?
Бұ жалғанның соңы оңай, басы күш,
Ойда жоқта кетіп қалдың асығыс.
Қуанышта таптырмайтын көз жасы
Қайғырғанда көшкен селдей тасығыш…
Өмір деген уақыт берген кеусен ғой,
Аз ғұмырда шалқып өткен, беу, сен ғой!
…Жұтып қойдым көзден шыққан тамшыны,
«Мен өлгенде жыламаңдар» деуші ең ғой.
«Талпынумен тауып жеген қорегін
Жетімдіктен жетілгенмін» дер едің.
Күйбеңіне мойын бермей тірліктің
Бәрін үнсіз көтере алған ер едің.
Кекшіл емес, көпшіл едің ақ жүрек,
Бар қазаққа жүруші едің бақ тілеп.
Дұшпаның жоқ, досың, бәлкім, көп еді,
Тар заманда жасай білдің жақсы боп.
Ғұмыр саған келгенімен сынақ боп,
Қаламыңнан сөздер ақты бұлақ боп.
Туған елдің сүйдің әрбір тау-тасын,
Сол махаббат жарқырайтын шырақ боп.
Елшіл болмай бақ қонар ма адамға,
Ұлтың үшін айналдың да атанға,
Шарлап бүкіл Қазақстан даласын −
Ғажапстан деп ат бердің Отанға!
Сергек Секең дамылдауға көне ме,
Көзің салдың жаңаға да, көнеге.
Табиғатты жүрегімен жырлаған
Сенің үлгің ұлтқа болар өнеге!
«Туса-дағы соқыр, мылқау, керең боп,
Дүниеге келмейді адам өлем деп.
Келдің екен − адам болып өмір сүр»
Деген сөзді бара жатсың дәлелдеп.
Бара жатсың… қайрылмайсың енді артқа,
Көнген адам емес едің сен шартқа.
Көп шығар-ау бірақ алған сауабың,
Иман деген таразыға тең тартса.
Бақи жаққа бұрылған бұл көшіңнің
соқпағынан күшін көрдім сесіңнің.
Иесі боп ғұмыр кешу бақыт қой
Қазақ барда ұмытылмас есімнің!
Ахмет ӨМІРЗАҚ
* * *
Суретте: қазақтың танымал қаламгері Серік Мүсілімұлы Байхонов.
2022 жылдың 25-інші мамыры, сағат 14.58. Жазушылар одағының демалыс үйінің маңы.
Есенғали ақынның 40 күндік садақасынан қайтқан кез.
Суретті түсірген А.Өмірзақ