Астанада Қазақстан құрамасы боксшылары турнирінің 1/2 финалы ойналды
АСТАНА. 9 сәуір. Бүгін, сейсенбі күні Астанада Қазақстанның олимпиялық іріктеу турниріне қатысатын боксшыларын анықтауға арналған сайысының жартылай финалдық жекпе-жектері өткізілді. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Турнир кеше сөреден шықты. Ертең мәреге жетеді.
Дүйсенбі күні мұнда ерлердің 63,5 келіге дейінгі, әйелдердің 54, 66 және 75 келіге шекті салмақтары бойынша ширек финалдық шайқастары ойналды. Ал 50 келіге қадар салмақта Назым Қызайбай мен Алуа Балқыбекова финалдық айқасқа шығып, бұлардың алдыңғысы алда өтетін Азия квалификациялық турниріне қатысу құқығына қол жеткізді.
Ширек финалдық жекпе-жектерде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы үлкен текетірес үстінде Ертуған Зейнуллиновты ұтып шықты.
Бұдан кейін қыздарымызға кезек келді. 54 келіге шейінгі салмақта Жайна Шекербекова – Балауса Мұздыманды, Ұлжан Сәрсенбек – Элина Базарованы, Сымбат Әлиясқан – Дина Жоламанды, ал Әнел Сақыш болса, Сәния Сұлтанқызын жеңді. Ал 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Наталья Богданова тәжірибелі қарсыласы Дариға Шәкімованы ұтты.
Бүгінгі жартылай финалдық жекпе-жектер Жандос Қыдырәлиев пен Мұхаммедсабыр Базарбайұлының күш сынасуларымен басталды. Мұнда бірінші раундта қарсыласын 5:0 етіп ұтып тұрған Жандос келесі екі раундта да тап осындай есеппен есе беріп қойды. Келесі жұпта да осындай ахуал орын алды. Алғашқы раундта 3:2 есебімен алға шыққан Серік Теміржанов содан соңғы раундтарда қарсыласы Дулат Бекбауовқа сондай қисапппен ұтылды. Сөйтіп, ертең Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Дулат Бекбауов финалда қолғап түйістіреді.
Қыздар арасындағы жекпе-жекті 54 келіге дейінгі салмақтағы Жайна Шекербекова мен Ұлжан Сәрсенбек ашып берді. Кеше өзі жөнінде жақсы әсер қалдырған Ұлжан қыз мұнда да жақсы шайқасты. Ол алғашқы екі раундта өзінің аса тәжірибелі әпкесінен 4:1 есебімен басым болды. Бірақ соңғы раундта Жайна 5:0 есебімен жеңіп кетті. Дегенмен, үш раунд қорытындысы бойынша оның жас әріптесінің десі басым болып шықты. Келесі жұптағы Сымбат Әлиясқар мен Әнел Сақыш арасындағы шайқас та аса тартысты өтті. Мұнда бірінші раунда 1:4 болып ұтылып тұрған Сымбат келесі екі раундта қарсыласынан сәл басым түсіп, қорытынды есепте таразы басын өзіне қарай аударып жіберді. Осылайша ертеңгі финалда Ұлжан Сәрсенбек пен Сымбат Әлиясқар Азияның олимпиялық іріктеу турниріне қатысу құқығын өзара сарапқа салады.
Бұдан кейін 66 келіге дейінгі салмақта Наталья Богданова ежелгі қарсыласы Милана Сафронованы мерзімінен бұрын, екінші раундтың соңында ұтып шықса, Жасмин Қизатова өзінен гөрі тәжірибесі көптеу Лаура Есенкелдіден үлкен тартыс үстінде басым түсті. Алғашқы екі раундтың нәтижесінде таразы басы тең тұр еді, соңғы раундта Жасмин жеңісті тартып алды. Енді ертеңгі финалда Наталья мен Жасмин квалификациялық турнирге баратын саңлақты анықтайды.
Сосын 75 келіге дейінгі салмақта бір шайқас тіркелді. Ол Гүлсая Ержан мен Жібек Жарасқызының арасында өтті. Бұл жекпе-жекте ылғи бір қадам алда жүрген бұлардың біріншісі жеңіске жетті. Оны финалда әлем чемпионы Валентина Хальзовамен шайқас күтіп тұр.
Еске сала кетейік, бұған дейін ерлер құрамасы жеті салмақтың алтауы бойынша, әйелдер командасы алты салмақтың біреуі бойынша Париж Олимпиадасына жолдама алып қойған болатын. Атап айтқанда, Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) пен Карина Ибрагимова (57 кг) өткен жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатының қорытындысымен лицензияға ие болса, бұған Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 кг) биыл Италияның Буста-Арсицио қаласында өткен олимпиялық лицензиялық турнирде қол жеткізді.
Айта кетейік, Азия құрлығы боксшыларының Олимпиада алдындағы соңғы лицензиялық іріктеу турнирі 23 мамыр – 3 маусым аралығында Таиланд байтағы – Бангкок қаласында өтеді.
Финалдық жекпе-жектер ертең, 10 сәуір күні сағат 16:00-де басталады. Ол Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.