Өзбекстан мен Қазақстан лидерлері өзара ынтымақтастықты кеңейтуге мән берді
ТАШКЕНТ. 6 сәуір. Ташкентте Өзбекстан мен Қазақстан Президенттері кездесуінде екі ел арасындағы көп қырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің маңыздылығы атап өтілді. Бұл туралы kun.uz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Кеше Қазақстан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Өзбекстанға ұшып барды.
5 сәуірде Шавкат Мирзиёев пен Қасым-Жомарт Тоқаев Хиуада кездесу өткізді. Порталдың жазуынша, онда кооперация жобаларын жеделдету, инвестициялық келісімдер мен сауда келісімшарттарын іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылған.
Мемлекет басшылары жиында екі дәулет Премьер-Министрлері орынбасарларының, Үкіметаралық комиссия жанындағы жұмыс топтары тең төрағаларының машина жасау, энергетика, көлік және логистика, өндіруші, тоқыма және тамақ өнеркәсібі және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды ілгерілету жөніндегі есептерін тыңдады.
Басқосуда тиісті органдар бамшыларына тауар айналымын арттыру, өнеркәсіптік кооперацияның ұзақ мерзімді бағдарламасын қалыптастыру, сондай-ақ көлік және энергетика салаларындағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ үстіміздегі жылы Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру, бірлескен сыртқы сауда компаниясының қызметін кеңейту бойынша практикалық жұмыстарды бастаудың маңыздылығы атап өтілді.
Гуманитарлық және туристік байланыстарды дамыту, жастардың қатысуымен мәдениет, білім және спорт саласында бірлескен іс-шаралар өткізу мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.
Су ресурстарын ұтымды пайдалану, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері шеңберінде ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ Ауғанстандағы ахуалды дамыту жөнінде пікір алмасылды.