Салтанаттың анасы Қуандыққа «Сен оны сағаттар бойы азаптап өлтірдің!» деді
АСТАНА. 1 сәуір. Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа марқұм Салтанаттың анасы «Сен оны сағаттар бойы азаптап өлтірдің» деген кінә тақты. Бұл туралы nege.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бүгін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы асқан зұлымдықпен өлтірді деген айып тағылып отырған Қуандық Бишімбаевтың ісін қараған кезекті сот отырысы өтті.
Сот барысында Қуандық Бишімбаевтан жауап алынды. Айыпталушы өз жауабында бұған дейін неге өзінің кінәлі емес екенін айтып келгенін біршама түсіндіріп берді.
«Мен кешірімнен үміттенбеймін, бірақ бұл менің адамдық борышым. Бұл жерде жәбірленуші тарап, оның туыстары, оны жақсы көрген адамдар, ата-анасы отыр. Маған алғашқыда оның жоқ екенін түсіну өте қиын болды. Мен бәрінен кешірім сұраймын, бірақ мені кешіреді деп үміттенбеймін. Бұл орны толмас қайғы екенін білемін. Екіншіден, мен өзімді кінәлі емеспін дегенде не айтпақ болғанымды түсіндіре кетейін. Мен әйелім Салтанатты қасақана, алдын ала ұйымдастырып, асқан қатыгездікпен өлтірді деген айыппен келіспеймін», – деді Қуандық Бишімбаев өз сөзінде.
Осы сәтте сот залында отырған Салтанат Нүкенованың анасы шыдай алмай, оған жауап қатты.
«Қалай асқан қатыгездікпен емес? Мен өз қызымның бет-әлпетін көре алмадым. Сен оны асқан қатыгездікпен ұрдың. Бұны қалай айтып отырсың? Сен оны бірнеше сағат бойы азаптап өлтірдің», – деді Нүкенованың анасы.
Судья анасының сөзін бөліп, тыныштық сақтауды сұрады.
«Мені жек көрсеңіздер де, маған қарғыс айтсаңыздар да болады. Бірақ мен Алланың алдында және сіздердің алдарыңызда жауап беруге дайынмын. Менің мұндай мағынасыз әрекетке баратын ойым болған жоқ», – деді Бишімбаев.
Ол ары қарай Салтанатпен қалай танысқанын айтып шықты.