Бақытжан Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласы үйінде өлі күйінде табылды
АЛМАТЫ. 16 наурыз. Экс-Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласы Бақыт Ибрагимнің өз үйінде өлі күйінде табылғаны жайлы ақпар тарады. Бұл туралы Ulysmedia.kz дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Алматы полиция департаменті қауесеттің ақиқаттылығын растады.
Бақыт Ибрагим – қазақстандық олигарх. Ол 2024 жылдың ақпанында түрмеден босап шыққан болатын. Бас бостандығынан айырыларға дейін біршама уақыт шетелде бас сауғалап қашып жүрді. Дегенмен, 2018 жылы Германияда қолға түсіп, Қазақстанға экстрадицияланды.
2020 жылдың қараша айында Бақыт Ибрагим, банкир Жомарт Ерсаев және Bank RBK экс-қызметкерлері 144 млрд теңге жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Соның ішінде Бақыт Ибрагим бастапқыда сегіз жылға сотталды, бірақ апелляциялық сот оның мерзімін жеті жылға дейін қысқартты.
Бақыт Ибрагим – мемлекет қайраткері Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың күйеу баласы, яғни оның үлкен қызы Меруерт Әбдірдің бұрынғы күйеуі.
Алматы полициясы олигархтың кездейсоқ қазасына қатысты болжам білдірді. Онда суицид оқиғасы басты версия ретінде алға тартылып отыр.
«Осы дерекке сәйкес, «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды. Мән-жайы анықталып жатыр», – деді полиция департаментіндегілер.