Макрон батыс елдері әскерлері Украинаға көмекке келуі мүмкін екенін айтты
ПАРИЖ. 27 ақпан. Франция президенті Эмманюэль Макрон Еуроодақ елдері таяу арада өз әскерлерін Украинаға жіберіп қалулары әбден ықтимал екенін мәлімдеді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Еуроодақ елдері жақын болашақта Киевке Мәскеумен қақтығысында қолдау көрсету үшін өз әскерлерін Украинаға аттандыра алады», – деді Франция басшысы.
Макрон өзінің бұл мәлімдемесін Парижде өткен саммиттің қорытындысында жасады. Ол Киевке қолдау көрсету нұсқалары арасында мұндай да мүмкіндіктің қарастырылып отырғанын айтты.
«Дәл қазір жаяу әскерлерді аттандыруға қатысты ұсыныс жасалған және қолдау тапқан ресми пәтуа жоқ. Бірақ оның келешекте болып қалатынын жоққа шығаруға болмайды», – деді француз лидері жиында.
Оның сөзінше, бұған сенімсіздікпен қарап отырған көп адам бұдан екі жыл ғана бұрын Украинаға танктер, ұшақтар мен алыс қашықтықтағы ракеталар беруінің мүмкін емес екендігін айтқан еді. Макрон ЕО-ның көмек беруде «ұдайы алты – он екі айға кешігіп жүретінін» де сынап өтті.
Бұдан бөлек, Франция президенті ЕО-ның кез келген елі әскерін Украинаға өз бетінше кіргізе алатынына назар аударды.
Осының алдында Словакияның премьер-министрі Роберт Фицо НАТО-ның кейбір елдері екі жақты келісімнің шеңберінде Украинаға өз әскерлерін кіргізу мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын мәлімдеген еді.