«Маңғыт – аузыңа саңғыт». Көкшетаулықтар алаяққа 291 млн беріп жіберген
КӨКШЕТАУ. 30 қаңтар. Көкшетау қаласының тұрғындары кезекті қаржы пирамидасына ақша салып, ойда-жоқта 291 миллион теңгелерінен айрылып қалған. Бұл туралы Baq.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Көкше жерінде әуелім «Chia Tai Tianging» қаржы пирамидасы құрылымдық бөлімшесінің басшысы Telegram мессенджері арқылы жарнама таратқан. Бұған ол инвесторлар тартқан. Сол арқылы жаңа салымшыларға тұрақты негізде ешқандай тәуекелсіз, кепілді кіріс беруге уәде еткен. Сөйтіп, заңсыз негізде қыруар пайда тапқан.
Осы заңсыз әрекеттердің нәтижесінде қаржы пирамидасының айналымына жергілікті азаматтардың жалпы сомасы 291 млн теңгеден асвтын ақшалай қаражаты жинап алынған.
Бірақ салымшылардың үміттері ақталмаған. Тура аңыз әңгімедегі түлкінің қарғаға айтатын «Маңғыт, аузыңа саңғыт» дегеніндей болып шыққан.
Қазір қаржы мониторингі агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті аса ірі мөлшерде ақша тарту мен қаржы пирамидасын жарнамалау фактісін тексеріп, істі сотқа өткізді.