Байден Украинаға көмекті жалғастыру үшін республикашылар уәжіне келіседі
УАШИНГТОН. 19 қаңтар. АҚШ президенті Джо Байден Украинаға беріліп келе жатқан көмектің жалғасуы үшін республикашылармен ымыраға келмекші. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сәрсенбі күні Конгресс лидерлері Ақ үйдің басшылығымен өткен кездесу кезінде миграцияын саясатын реформалау жөнінде келісімге келуге қатысты ойларын айтты. Егер осы заң қабылданып кетер болса, ұлттық қауіпсіздікті күшейту үшін қажетті $100 млрд-тан астам ақшаның бекітілуі қамтамасыз етіледі. Ал бұл қаржының $61,4 миллиарды Украинаға берілуге тиісті болатын.
«Егер Украина оны алмайтын болса, бүкіл әлем өзгеріп сала береді, себебі, жұрт сол кезде Құрама Штаттар өзінің әлем лидері ретіндегі міндеттемелерін орындаудан бас тартты деп ойлайды», – деді кездесуде Джо Байден.
«Байден республикашылардың Украинаға тиісті қаржы бөлінуінің бір шарты етіп алға тартып отырған шекараға бақылау жасауды күшейту жөніндегі талаптарын орындауға келіседі», – деп жазды The Wall Street Journal газеті.
«Заң жобасы жақын арадағы апталарда келісім алып қалуы мүмкін», – десті жоғары лауазымды конгресмендер.
Қазір сенат Мексикамен шектесетін оңтүстік шекарада АҚШ-тан баспана сұрайтын мигранттардың мүмкіндіктерін шектейтін заң жобасын дайындап жатыр.
Байден кездесуде Украинаның тиісті қаржысын алуы үшін бұл талаппен келісетінін жеткізді.