Назарбаев жастардың «Шал, кет!» деп ұрандатқанына ренжігенін айтты
АСТАНА. 16 қаңтар. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев шеруге шыққан жұрттың өзіне қарата «Шал, кет!» деп ұрандатуына қатты қапа болғанын баяндаған. Бұл туралы Massaget.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мұның жай-жапсарын. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы бастығы, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев YouTube-арнасына берген сұхбатында мәлім етті.
«Нұрсұлтан Әбішұлы халық шығып, өзіне «Шал, кет» дейді» деп ойлаған жоқ», – деді бұрынғы чекист. Сол себепті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа ренішін білдірген.
«Ол кісі «халқым мені сүйеді, мені жақсы көреді» деп ойлады. Ал енді мынаның бәрін көріп, өкпелеп жатыр. «Мына халық мені түсінбеді» дейді», – деді Шабдарбаев.
Әрине, «марионеткалар театрында қызмет ететін» Мырзатай Жолдасбеков пен Қуаныш Сұлтанов бастаған жарамсақтары мен жағымпаздарының, қарауындағы министрлері мен әкімдерінің күн сайын дерлік құлақты сарытып айтып жүрген жалған баянаттарына ол шынымен сеніп жүрген ғой. Барған жерлерінде әкімдер жергілікті жарамазаншыларды алдын ала дайындап қойып, өзін іші кепкенше мақтап жүргесін, мұның бәрінің спектакль екенін аңғармаған да шығар.
Бұрынғы ЧК-шы Дінмұхаммед Қонаев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың аралары қандай болғанын да айтып берді. «Ахметұлы кеткен кезде Назарбаев екеуінің арасы әке мен баладай болған. Жарты жыл ішінде аралары суып кетті. Билікке келгеннен кейін (Назарбаев – ред.) оны сөйлеттірмеді, ештеңе істтетірмеді. Кішкене кешірімді болуы керек еді. Ол кісіге көп нәрсе керек пе? Бір көлік бере сал, теледидардан сөйлеттіре сал, кітап шығар. Істемеді ғой. Ал енді өз басына келуі мүмкін. Қазіргі Президент екеуінің арасы жақсы болды ғой. Қаңтардағы ісі үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы өкпелеуге құқығы бар. Димаш Ахметұлы Назарбаевты баласындай көрді, барлық жағдайын жасады. Димаш Ахметұлы адам таңдаудан, оның адамгершілігі жағынан қателесті», – деді Амангелді Шабдарбаев соңынан.