Қызылорда облысында шенеуніктер Конституциялық заң талаптарын бұзған
ҚЫЗЫЛОРДА. 16 қаңтар. Қызылорда облысының әкімдігіне қарасты екі басқарманың лауазымды тұлғалары заң талаптарын мансұқ еткендері үшін жауапқа тартылды. Бұл туралы Zakon.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қызылорда облысы прокуратурасының мәліметінше, әкімдік қызметкерлері «Прокуратура туралы» заңның талаптарына қайшы келетін әрекеттерге барған.
Облыс прокуратурасы мал жаюға арналған жайылымдардың жетіспеушілігіне талдау жасап, нәтижесінде мал саны статистикасын қалыптастыру барысында тәртіп бұзушылықтарға жол берілгенін анықтаған.
Дерек бойынша прокуратура облыстың ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына осыған байланысты шара көруді ұсынған. Дегенмен басқарма басшысы қадағалау актісіне уақытылы жауап бермеген. Сондықтан ол сот арқылы ҚР ӘҚБтК-нің 664-бабымен әкімшілік айыппұл түріндегі жауаптылыққа тартылған.
Тағы бір жағдайда облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы табиғат қорғау прокуратурасының тексеруге қажетті құжаттарды ұсыну туралы талабына немқұрайлылықпен қарап, заңды талапты орындамаған. Осы әрекеті үшін ол сот қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 665-бабының 2-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған 172 мың теңге айыппұл салынған.