WSJ: Евгений Пригожиннің өліміне РФ қауіпсіздік кеңесі хатшысының қатысы бар
УАШИНГТОН. 22 желтоқсан. Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев «Вагнер» жеке әскери компаниясының құрылтайшысы Евгений Пригожиннің өлтірілуін ұйымдастырған болып шықты. Бұл туралы Wall Street Journal дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Америкалық газет мұны Ресей және Батыс елдері барлау қызметтерінің мәнбелеріне сүйене отырып жазады.
Басылымның хабарлауынша, Патрушев 2022 жылдың жазынан бастап-ақ Владимир Путинге Пригожиннің Кремльге бағынуды қойып, өзінше әрекет ете бастағанын, мұның соңы Кремль үшін зор қауіп әкелетінін баяндап, одан құтылу керектігін бірнеше рет ескерткен көрінеді. Бірақ қауіпсіздік кеңесі басшысының бұл байбаламы диктатор тарапынан оншалықты қаперге алына қоймайды. Өйткені «Вагнер ЖӘК» сол кездері Украинада сәтті ұрыс қимылдарын жүргізіп жатқан еді.
Сол жылдың қазан айында Пригожин Путинге оқ-дәрілердің жетіспейтіндігін айтып шағымданды. Осыдан кейін президент «Вагнер ЖӘК» басшысының бар-жоқ екенін елемейтінін көрсетіп, оның соққан телефондарын да алмай, қорғаныс министрімен ашықтан-ашық жанжалдасып жүргеніне де мән бермей қояды.
Ал маусым айында «Вагнер» жеке әскери компаниясы бүлік бастап кеткеннен кейін Патрушев оған қатысты барлық жағдайды өз бақылауына алады. Ол бүліншілікті қанды қырғынсыз тоқтату үшін Пригожиннің жақындары мен оның жанындағы офицерлерге қайта-қайта қоңырау шалып тұрды, оларды бүлікшіл атаманды ақылға келтіруге шақырды. Сол тұста қатты сасқан қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Беларусь пен Қазақстан басшылығына да шықты. Ол соның ішінде Александр Лукашенконы Пригожинмен келіссөз жүргізу кезінде арада делдал болуға үгіттеді. Ал Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан Ресей армиясы жалдамалыларды тоқтата алмаған жағдайда әскери көмек көрсетуді сұрады, алайда бұған үзілді-кесілді келіспеген жауап алды.
Ресей барлау қызметінің бұрынғы офицері газет тілшісіне айтқандай, Патрушев «Вагнер» компаниясының «Әділет шеруі» аяқталғаннан кейін өз қарамағындағыларға Пригожинді өлтірудің жоспарын құруға бұйрық береді. Нәтижесінде, арнайы қызмет қызметкерлері жалдамалылар басшысының ұшағы Мәскеу әуежайына қонған кезде оның қанатының астына бомба қойып үлгереді. Сөйтіп, лайнер әуеге көтеріліп, аспан кеңістігінде ұшып бара жатқанда жарылып кетті.
Пригожиннің бизнес-джеті 23 тамызда Тверь облысында апатқа ұшырады. Кейінірек тергеу комитеті хабарлағандай, сол жарылыста Пригожин, «Вагнер ЖӘК» командирі Дмитрий Уткин мен сегіз жолаушы және экипаж мүшелері қаза тапқан.