Мальгинов: Прилепин сөзі РФ басшылығының позициясымен сәйкес келмейді
ТАШКЕНТ. 21 желтоқсан. Ресейдің Өзбекстандағы елшісі Олег Мальгинов ресейлік жазушы Захар Прилепиннің мәлімдемесі Кремльдің ресми позициясын білдірмейтінін айтты. Бұл туралы Kun.uz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Орыс жазушысы, «Справедливая Россия – Патриоты – За правду» саяси партиясының тең төрағасы Захар Прилепиннің Өзбекстанға қатысты айтқан сөздеріне байланысты бүгін Ресейдің Өзбекстандағы елшісі Олег Мальгинов Өзбекстан сыртқы істер министрлігіне шақырылды.
Кездесу кезінде РФ саяси партиясы қайраткерінің «Ресей бүгін» баспасөз орталығында өткен конференцияда айтқан сөздерінің екі ел арасындағы қарым-қатынас үрдісіне мүлде сәйкес келмейтіні Ресей өкіліне ресми түрде жеткізілді. Ал Прилепин жиында Өзбекстанды Ресей құрамына қосып алу жөнінде ұсыныс білдірген.
«Мұндай мәлімдемелер, – әсіресе, олар қазіргідей ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таратылған жағдайда, – көпе-көрнеу арандатушылық мағына мен сипат алады және біздің халықтарымыз арасында тарихи қалыптасқан достық қарым-қатынастарға кері әсер етеді», – делінген Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.
Өз кезегінде Олег Мальгин жазушы және саясаткер Захар Прилепиннің айтқандары Ресей Федерациясының өзімен достық қатынастағы тәуелсіз Өзбекстанға қатысты ресми позициясымен тіпті алыстан болса да ешбір үйлеспейтінін бар жауапкершілікпен мәлімдеді.