«Қызылорда – Жезқазған» тас жолының жұмысы қарқынды жүруде
ҚЫЗЫЛОРДА. 2 желтоқсан. Қазіргі күндері республикалық маңызы зор «Қызылорда – Жезқазған» тас жолын жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Екі аймақтың арасындағы күретамыр іспеттес жол көп жылдан бері күрмеуі шешілмей келген, халықтың арасында біраз талқыға салынған мәселелердің бірі болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев автомобиль жолының құрылысын мерзімінде бастауды, сапалы әрі халыққа қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Осы орайда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей қадағалауымен республикалық маңызы бар жолдың құрылысы қарқынды жүруде.
Бүгінде күре жолдың құрылысы 40 пайызға аяқталып, 83 шақырым асфальт төселген.
«Сыр өңірін еліміздің орталық бөлігімен жалғайтын күре жолдың жалпы ұзындығы – 424 шақырым. Ал Қызылорда облысының аумағындағы ұзындығы – 216 шақырым. Жоба құны – 108,5 млрд теңгені құрайды. Жыл соңына дейін 104 шақырым жолды аяқтау көзделуде», – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов.
Басқарма басшысының айтуынша, жоба толықтай аяқталса Ресей Федерациясын Орта Азия мемлекеттерімен, еліміздің оңтүстік, солтүстік және орталық аймақтарымен байланыстыруға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, республикалық жолды жөндеу нәтижесінде, көлік айналымы тәулігіне 1500 данадан 6000-ға дейін, ал жолаушылар саны 3000 адамнан 10 000-ға дейін, жүк тасымалы көлемі 700 тоннадан 3000 тоннаға дейін артады. Бұдан бөлек, Қызылордадан Астана қаласына дейінгі жол жүру уақыты 6 сағатқа қысқарады.
Айта кетсек, облыста «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобаны мен «Қызылорда-Жезқазған» жолы республикалық статусқа ие. Ал былтыр облыстағы жолдың индикаторлық көрсеткіші 82 пайыз болды. Бүгінде жол құрылысы аймақ көлемінде қарқынды жүруде.