Кадыров балалары шешен тілін білмейтін шенеуніктерді жұмыстан қумақшы
ГРОЗНЫЙ. 9 қараша. Ресейдің Шешенстан республикасының басшысы Рамзан Кадыров балалары туған тілін білмейтін, тек қана орысша сөйлейтін шенеуніктерді қызметтен қууға уәде берді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Балалары ана тілін білмейтін, тек қана орыс тілінде сөйлейтін шенеуніктер жұмыстарынан айырылады», – деп мәлімдеді шешен лидері.
«Менің командам өкілдерінің көпшілігінің балалары шешен тілін білмейді. Мен енді мұндай шенеуніктерді жұмыстарынан қууды бастаймын. Ата-аналар балаларын бірінші кезекте өзінің ана тілінде сөйлетіп үйретулері керек», – деді Рамзан Кадыров.
Ол республиканың балалар бақшалары мен мектептерінде балалардың орыс тілінде оқытылатынын, ал ата-аналар көп жағдайда «мұны қолдайтындарын» атап өтті. «Балалар қазір тіпті орыс тілінде ойланатын болып алған. Өзінің ана тілінде ойламайтын ұрпақта болашақ жоқ. Мұнсыз олар шешен бола алмайды», – деді сосын Кадыров.
Республика басшысы ондай шенеуніктерді жұмыстан қуумен ғана шектеліп қалмайтынын айтып қорқытты. Ол «мұндайлармен барлық байланыс үзілетінін» жеткізді. «Біздің бабаларымыз бұған дейін қаншама қуғын мен қырғын, қамау мен талау көргендеріне қарамастан, ана тілімізді ғана емес, дінімізді де сақтап қалды. Біз қазір бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз, сондықтан ана тілімізді жоғалтып алғанымызды қалай айтсақ та ақтап ала алмаймыз», – деп атап өтті Кадыров.
Ол бүгіндері бір-бірлерімен таза шешен тілінде сөйлесетіндердің барынша азайып келе жатқанын ауызға алды. Орыс сөздерін араластырып сөйлейтіндер қатары көбейді. Бұлай бола берсе, шешеннің көптеген төл сөздері ұмытыла бастайды. Кадыров жағдайдың бұлайша сипат алуымен келісуге болмайтынын айтты.
Республикада 2023 жыл Шешен тілінің жылы болып жарияланды. Шешім «шешен тілін, мәдениеті мен дәстүрлерін сақтау, дамыту және тарату мақсатында» қабылданды.
Жақында Грозныйда шешен тілін білу жөніндегі конкурс мәреге жетті. Оған қатысушылар өздерінің «шешен тіліне қалай келгендері» жайлы жазып, суреттегі затты шешен сөздерінің көмегімен бейнелепр беруге және орыс тіліндегі мәтінді шешен тіліне аударуға тиісті болды. Конкурс жеңімпазы сыйлыққа 5 млн рубль алса, екінші және үшінші орындарға шыққандар тиісінше 2 және 1 млн рубльмен марапатталды. Жүлдегерге награданы Кадыровтың өзі тапсырды.