Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

«Ордабасы» өз тарихында бірінші рет Қазақстан чемпионы атанды

ШЫМКЕНТ. 22 қазан. Бүгін Шымкенттің «Ордабасы» футбол командасы өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» 3:1 етіп ұтып, өзінің тарихында алғаш рет еліміздің чемпионы атағына қол жеткізді. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.

Шымкенттегі Қажымұқан атындағы стадионда ойналған бұл ойынға жанкүйерлер өте көп жиналды.

Матчқа павлодарлық арбитр Григорий Московченко қазылық етті.

Қазақстан чемпионатының 25-ші туры шымкенттіктердің 31 жылдан бергі армандарына қол жеткізулеріне мүмкіндік берді.

«Ордасы» алаңға мына сөрелік құрамда шықты: Мұхамеджан Сейсен, Ғафуржан Сүйімбаев, Темірлан Ерланов, Мамаду, Шахбоз Умаров, Асхат Тағыберген, Евгений Макаренко, Султан Астанов, Артем Беседин, Айбар Жақсылықов, Матич.

Бас жаттықтырушы Александар Седнёвтің сарбаздары матч басталғаннан алға ұмтылды. Олардың алғашқы жойқын жорықтарының өзі табыс әкелді. Сондай қарбалас сәттердің бірінде, ойынның 4-минутында Айбар Жақсылықов есеп ашты. Екінші гол да көп күттірмеді, 12-минутта Шахбоз Умаров мергендігімен көзге түсті. Ал 27-минутта Артем Беседин есепті ірі көрсеткішке жеткізді – 3:0!

Кездесудің 46-минутында меймандар бір доптың қарымтасын қайтарып үлгерді. Оны Темур Чогадзе өз есебіне жазды. Осы есеп матч соңына дейін өзгерген жоқ.

Осылай чемпионат аяқталуға бір тур қалғанда ұпай санын 58-ге жеткізген шымкенттіктер өзінен кейінгі «Астанадан» 6 ұпай алға кетіп, мерзімінен бұрын чемпион атанды.

Айта кетуіміз керек, «Ордабасы» Қазақстанг Кубогының да финалына шығып отыр. Ол ақтық сында Қостанайдың «Тобылымен» кездеседі. Егер мұнда да жеңіс биігінен табылса, 2023 жылы «алтын дубльге» қол жеткізгелі тұр.

Осы күні Астанада ойналған Көкшетаудың «Оқжетпесі» мен Ақтөбенің «Ақтөбе» командалары арасындағы кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Ал Қызылордада жергілікті «Қайсар» Атыраудың «Атырауын» 1:0 етіп ұтты.

Чемпионаттың келесі, соңғы турының ойындары 29 қазанда ойналады. «Ордабасы» бұл күні чемпион атағымен Ақтауда «Каспий» командасымен кездеседі.

 

                       Турнир кестесі (22 қазандағы мәлімет)

Командалар О  Ұ  Т  Ж     Доп Ұп
1 «Ордабасы» (Шымкент) 25 18  4  3 48 – 20 = + 28 58
2 «Астана» (Астана) 25 16  4  5 35 – 23 = + 12 52
3 «Ақтөбе» (Ақтөбе) 25 13 10  2 41 – 21 = + 20 49
4 «Қайрат» (Алматы) 25 12  7  6 44 – 32 = + 12 43
5 «Қызылжар» (Қызылжар) 25 11  6  8 25 – 22 = + 3 39
6 «Қайсар» (Қызылорда) 25  9  6 10 30 – 30 =   0 33
7 «Атырау» (Атырау) 25  8  9  8 24 – 27 = –  3 33
8 «Тобыл» (Қостанай) 25  8  7 10 26 – 33 = –  7 31
9 «Мақтаарал» (Мақтаарал, Түркістан обл) 25  8  4 13 28 – 31 = –  3 28
10 «Шахтер» (Қарағанды) 25  7  7 11 30 – 35 = –  5 28
11 «Жетісу» (Талдықорған) 25  8  4 13 25 – 36 = – 11 28
12 «Оқжетпес» (Көкшетау) 25  7  5 13 25 – 36 = – 11 26
13 «Ақсу» (Ақсу, Павлодар обл) 25  5  3 17 23 – 42 = – 19 18
14 «Каспий» (Ақтау) 25  3  8 14 27 – 44 = – 17 17

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button