Қызылордадағы «Алтын дән» жәрмеңкесінде мың тоннадан аса өнім сатылды
ҚЫЗЫЛОРДА. 21 қазан. Сыр бойындағы бас қалада өткен дәстүрлі «Алтын дән» жәрмеңкесінде 1000 тоннадан астам өнім сауда сөрелеріне шығарылды. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Бүгін егін жинау науқанының аяқталуына орай «Алтын дән-2023» мерекесі аясында облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда барлық аудандар мен Қызылорда қаласының шаруалары өз өнімдерін базар нарығынан 15-20 пайызға төмен бағада ұсынды. Ауылдардан 425 жүк көлігімен 1000 тоннадан астам өнім әкелінді», – делінген хабарламада.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала тұрғындарымен бірге жәрмеңкелер алаңдарын аралап, жергілікті халықпен пікір алмасты. Ол жәрмеңкедегі әр ауданның сауда алаңдарында арнайы ат басын бұрды.
Жәрмеңкеде Сыр елінің диқандары жұртшылыққа 286 млн теңгенің 1020,6 тонна өнімін ұсынды.
Саудаға 140 тоннадан астам күріш, 25 тонна ет, 30 тоннадай балық өнімдері, 200 тонна картоп, 80 тонна сәбіз, 120 тонна пияз, 90 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидектер, 200 тонна бақша өнімдері, 115 тонна асқабақ, 6 тоннадай сүт өнімдері, 10 тоннаға жуық бакалея және кондитер өнімдері, 140 бас тоқты, 50 тоннадан астам жем-шөп шығарылды.
Алдағы уақытта «Алтын дән» мерекесі барлық аудандар мен Қызылорда қаласында жалғасын тауып, ауыл шаруашылығының үздіктері марапатталатын болады.