Путин мен Ердоғанның газ бен астық жөніндегі келіссөзі нәтижесіз аяқталды
СОЧИ. 4 қыркүйек. Ресей президенті Владимир Путин мен Түркия президенті Тайып Реджеп Ердоған арасындағы келіссөз барлық жағынан сәтсіз аяқталды. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Түрік лидерінің өрекпіп келген көңілі Қап тауының етегінде су сепкендей басылды, «кәнігі досы» оның діттеп келген шаруасын бітіртпей, аузын қу шөппен сүрткізіп қайтарды.
«Владимир Путин мен Реджеп Ердоғаннның Сочиде дүйсенбі күні өткен бірінші жеке кездесулері ешқандай нәтиже әкелген жоқ», – делінген хабарламада.
Путин бұған дейін украин порттарынан 30 млн тоннадан астам азық-түлік өнімдерін шығарып әкетуге мүмкіндік берген «астық келісіміне» қайта оралудан бас тартты, ал Ердоған Еуропа рыногынан ығыстырылған «Газпром» үшін ауадай қажет «газ хабын» Түркияда орнату жобасына келісім бермеді.
«Біз тек онда кіргізілген Ресей агроөнімдері экспортына шектеуді алып тастау жөніндегі келісімдердің бәрі толығымен орындалған кезде ғана астық келісімін қайта тірілтіп алуға дайын боламыз», – деді Путин бұған дейін талай мәрте аузынан шыққан ләмін тағы қайталап.
РФ диктаторы келіссөзден кейін өткен баспасөз мәслихатында мұның алдында келісім созылғаннан кейін Батыс елдері Ресейді «лақтырып» кеткенін айтты. «Енді біз бұл келісімге қарсы емес екенімізді айта отырып, бізге берілген уәделер орындалғанда ғана оған жедел орала алатынымызды мәлімдейміз», – деді тағы Кремль қожайыны.
Биылғы жылы Ресей 130 млн тонна астық жинайды, олардың 60 млн тоннасы экспортқа шығарылады, мұның ішіндегі 1 млн тоннасы жеңілдікпен Түркияға жіберілуі керек еді. Осыны баяндаған тиран Ресейдің Түркияға газ беріп тұратын «сенімді де жауапты әріптесі» болатынын және үшінші тараптағы елдерге газ экспорттауға дайын екенін жеткізді.
Кремль «газ хабының» жобасын өткен күзде-ақ ұсынған, осы арқылы Балтық теңізінде жарып жіберілген «Солтүстік тасқынның» орнын басқысы келген. Бірақ Анкара жобаға инвестиция беруден бас тартты, ал наурыз айында келіссөзді тоқтатып тастады.
Бұған дейін Ердоғанның Украина мен Ресей арасындағы ықтимал келіссөздің делдалы болу жөніндегі талпыныстары да табыс әкелмеген еді.
Путин мен Ердоғанның бұл жолғы жеке кездесулері қарсаңында Түркия мен Ресейдің дипломаттары арасында бірнеше апта бойы алдын ала ақылдасып кеңесу үдерісі жүрді. Алайда онда да мәселе оңынан шешілмеген сыңайлы. Сондықтан Ердоғанның Ресейге жетіп келуі барынша ұшқары тірлік болды, таза ақымақтық болып шықты.