АҚШ Ресейге жақындату үшін Британияға ядролық қару әкеліп қояды
УАШИҢТОН. 31 тамыз. АҚШ Путиннің Беларуське ракета апарып қойғанына жауап ретінде Британияға ядролық қару орналастыратын болып шешті. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Американың ядролық қаруы қырғи-қабақ соғыс кезіндегідей Ұлыбритания территориясында пайда болады. АҚШ ядролық жарылғыш заттарды алып жүруге қауқарлы F-16 истребитель-бомбардировщигінің екі эскадрильясын Лондоннан 110 шақырым жердегі Лакенхит әуе-қорғаныс күштері базасына жіберуді жоспарластырып отыр», – деп жазды The Telegraph. Сол жерде ядролық қару қоймасы да орналастырылатын болады. АҚШ Конгресі осы үшін $50 млн бөліп те қойды.
F-35 маркасының «стелс» стиліндегі бесінші буынының ұшақтары базаға биылғы жылдың соңында немесе 2024 жылдың басында келеді.
Қазіргі таңда НАТО-ның Еуропадағы мүше елдері – Бельгия, Германия, Нидерланд, Италия және Түркия территорияларында Американың В-61 ядролық бомбасының 150-ге жуығы сақталып тұр. Ал Британияда АҚШ-тың бомбалары 2008 жылға дейін сақталып келді. Бірақ содан кейін ядролық соғыс қаупін азайту үшін қайта әкетілген еді.
«Британия территориясына ядролық жарылғыштарды қайта әкелу – Ресейге берілген дабыл», – дейді Ұлыбританияның химиялық, биологиялық және ядролық қорғаныс күштерінің бұрынғы қолбасшысы Хэмиш де Бреттон-Гордон.
Кремль өз армиясы Украинаға басып кірген алғашқы күндерде Ресей ядролық триадасы «жауынгерлік кезекшілігінің айрықша режимін» енгізді. Содан кейін мемлекеттік дума депутаттары мен қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің атынан ядролық қару қолдануға қатысты қайта-қайта қоқан-лоққы жасала бастады. Ал биылғы наурыздың соңында президент Владимир Путин Беларуське ядролық қару апарылатынын жария етті. Ол мұны кенет Польша тарапынан шабуыл жасала қалса, керек болады деп түсіндірді.
Бреттон-Гордон қазір Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынас тағы бір соғыс өрті тұтанып кетуінің соңғы шегіндегі стратегиялық тепе-теңдік жағдайына дейін жетті деп есептейді. «Егер АҚШ Британияға ядролық қару әкеліп орналастырып жатса, бұл – Ресейге өздерінің бұл іске шындап кіріскенін көрсетіп отырған дабылы… Біз қазір тұрақсыз елдің тиран басшысының ядролық қару қолданумен қорқытуын тоқтатудың бірден-бір әдісі ретінде бұған өзіміздің толық қуатында жауап соққы бере алатынымызды көрсетуден басқа амал қалмаған жағдайда тұрмыз», – деп мәлімдеді ол.