Шойгу қолын жайып, қайыр тілеп, қару сұрап, Солтүстік Кореяда жүр
УАШИНГТОН. 29 шілде. АҚШ-тың көптеген жоғары лауазымды шенеуніктері мен сарапшылары Сергей Шойгудың Солтүстік Корея қару-жарақ саудасын жолға қою үшін барғанына еш күдіктенбейді. Бұл туралы «РИА Новости» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Олар РФ қорғаныс министрінің коммунистік Кореяға «еңбек демалысын өткізу» үшін ат басын тірегеніне сенбей отыр. Сондықтан Сергей Шойгудың КХДР диктаторы Ким Чен Ын алдында қол жайып барып, қайыр тілеп, қару-жарақ сұрайтынына имандары кәміл.
«АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу бастаған орыс делегациясының КХДР-ға барған сапары мақсаттарының бірі Украинадағы соғысты жалғастыра беру үшін оны қару-жарақпен қамтамасыз ету болып табылады деп ойлайды», – делінген «РИА Новости» хабарламада.
Уашингтондағылар Ресей қорғаныс министрі Солтүстік Кореядан өз еліне қару-жарақ алып тұруды қамтамасыз етуге ниетті болып отырғанын айтады. Бүгін, сенбі, 29 шілде күні Аустралияға жасаған сапары кезінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен журналистерге Шойгудың КХДР-ға тек «кезекті еңбек демалысын» өткізу мақсатында сапар сызғанына қатты шүбәланатынын баяндады.