Украин әскерлері тәулікте жаумен 39 мәрте ұрыс қимылдарын өткізді
КИЕВ. 16 шілде. Украина қорғаныс күштері 15 шілде күні ресейлік басқыншы жау әскерлерімен 5 бағытта 39 мәрте шайқасқа түсті. Бұл туралы «Украинская правда» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Украина Қарулы күштерінің бас штабы Facebook-те жазып қалдырған мәліметте оккупанттардың тәулікте жанұшыра шабуыл жасағандары айтылады. Дегенмен, украин армиясы майдан даласының қай шебінде де өз позициядарын берген жоқ. Бұл уақыт аралығында отан қорғаушылар Бахмут түбінде, Купянск бағытында бірқатар жеңістерге жетіп, жаудың қол астындағы біршама жерлерді қайтарып алды.
«Бүгін түнде РФ кезекті мәрте қолдан басқарылушы зенит ракеталарымен Украинаны тағы да жаппай атқылады. Осы террорлық шабуылдан келген залал-зардаптар қазір есептеліп жатыр. Өткен тәулікте РФ иранның «Shahed» типті екі дронымен, Х-22 текті екі қанатты ракетасымен және екі басқарылушы зенит зымырандарымен Украина территориясына шабуыл жасады. Украинаның әуе шабуылына қарсы жүйесінің жауынгерлік жұмыстары нәтижесінде екі ұшқышсыз ұшақ атып түсірілді. Бұдан бөлек, жау 40 авиациялық соққы жасады, дүркін отты реактивті жүйемен 46 мәрте атқылады», – делінген хабарламада.
РФ басқыншылар армиясының Украина территориясына жасап жатқан террорлық шабуылының қарқыны әлі өте жоғары болып тұр.
Жау негізгі күштерін Купянск, Лиман, Бахмут, Авдеевка және Марьин бағыттарына төгіп жатыр.
Американың соғысты зерттеу институты (ISW) өзінің күнделікті есебінде Украина Қарулы күштері қарсы шабуылының қарқыны соңғы күндері қайтып қалуына оккупанттардың шегініп бара жатып, алқаптарды миналап кеткендері себеп болып отырғанын атап өтті. Украин әскерлері қарсы шабуылдың алғашқы күндері қолда бар қару-жарақтары мен бронды техникаларының 20 пайызынан айрылып қалды. Саперлік техникалар әлі де жеткіліксіз. Сондықтан батыстан миналарды қашықтан жаратын аппараттар сұралуда. Осыған байланысты отан қорғаушылар соғыс тактикасын өзгертуге көшті. Мұнда армияның қару-жарақ пен адам шығындарын барынша азайтудың жолдары қарастырылып жатыр.
Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужный алысқа атылатын қарулар қолға тигесін, батыстық әріптестерінің ескертулеріне қарамастан, «шекараның арғы жағын» армансыз атқылайтындарын мәлімдеді. Ол мұны «The Washington» газетінің тілшісі қойған сұраққа байланысты айта келіп, Ресей армиясының істеп отырғандарын өздеріне қайталап беретінін, яғни РФ территориясын атқылаудың астына алатынын мәлімдеді.
Бүгін РФ президенті Владимир Путин ресейлік мамандарға Украинада қолға түсірілген батыс техникалары мен қару-жарақтары бойынша қайтарма инжиниринг істеуді, яғни олардың дәлме-дәл үлгілік көшірмелерін жасап шығуды тапсырды. Ол мұны «Россия-1» телеарнасында өткен насихаттық бағдарлама кезінде айтты. Диктатордың сөзіне қарағанда, Ресейдің қару-жарақтары өте күшті, мәселен, Т-90 «әлемдегі ең күшті» танк көрінеді. «Бірақ жау қазіргі заманғы қарулар шығарып жатыр. Егер олардың ішкі құрылыстарына үңілуге мүмкіндік болып жатса, егер олардан бірдеңе алуға болатын болса, неге соларды өзімізде қолданбасқа?», – деді сосын бункерлік көсем.