Қазақстан футболының аңызы Сейілда Байшақов өмірден өтті
АЛМАТЫ. 12 шілде. Қазақстан футболының аңызы, ҚР футболы ардагерлері одағының президенті, Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Сейілда Байшақов жасы 74-ке қараған шағында қайтыс болды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сейілда Байшақов – «Қайрат» командасының белді орталық қорғаушысы, команда капитаны, КСРО құрамасының мүшесі, КСРО спорт шебері, КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Халықаралық теміржолшылар спорт одағы кубогының иегері (1971), «Смена» журналының «Маусымның үздік дебютанты» жүлдесінің лауреаты.
Сейілда Икрамұлы Байшақов 1950 жылы 28 тамызда Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында туған. Жамбыл футбол мектебінің түлегі. Спортшылық мансабы кезінде «Энергетик» Жамбыл (1968-1970, екінші лига), «Қайрат» Алматы (1971-1974, 1977-1981, жоғарғы лига, 1975-1976, бірінші лига) ойнады. Екінші лигада 84 рет алаңға шығып, 1 доп салды, бірінші лигада 71 рет алаңға шығып, 4 гол соқты, жоғары лигада 225 рет алаңға шығып, 8 гол салды. КСРО Кубогы жолындағы 27 матчқа қатысты, 6 мәрте халықаралық кездесуде ойнады. 1977 жылы КСРО құрамасы сапында Венгриямен және Грекиямен іріктеу ойындарына қатысты. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы сапында 5 рет ойнады.
Үлкен футболды аяқтағаннан кейін «Қайрат» (1982-1988) командасының, СКИФ-тің (1988) жаттықтырушысы, РШВСМ-нің (1989), «Аққанаттың» (1990) бас жаттықтырушысы болды. 2007-2016 жылдары Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті, 2016-2018 жылдары президенті қызметтерін атқарды.
Сейілда Байшақов адам ретінде де өскелең ұрпаққа нағыз үлгі-өнеге бола білді. Бұдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болған белгілі әнші Мәриямгүл Төлегеноваға адал жар болды.
Rast.kz интернет басылымының ұжымы марқұмның отбасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.