Польшада спортшы атын жамылып жүрген Ресей тыңшысы ұсталды
ВАРШАВА. 1 шілде. Польшада Ресейдің кезекті азаматының өз елінің пайдасына тыңшылық жасап жүргені анықталып, күдікті бірден қамауға алынды. Бұл туралы polskieradio.pl дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Тергеу материалдары Ресей арнаулы қызметінің теміржолдар бойларына бақылау орнатып, барлау әрекетін жүргізу үшін шпиондық желі жасап қойғанын анықтап берді.
Польшаның бас прокуроры әрі әділет министрі Збигнев Зёбро Ұлттық прокуратура мен ішкі қауіпсіздік агенттігінің кезекті табысы жөнінде хабарлады. «Ресейлік бірінші лиганың ойыншысы болған. Осымен біз анықтап шығарған шпиондық желінің 14-ші адамы қолға түсіп отыр», – деп жазды бас прокурор Twitter-де.
Арнаулы қызмет пен Ұлттық прокуратура баспасөз қызметінің министр-координаторы жұма, 30 маусым күні тыңшылық әрекет жасайды деп күдікке ілінген спортшының 11 маусымда Силезия воеводинасында қолға түскенін баяндады.
«Қолға түскен адам Ресейдің азаматы және Польшаның бірінші лигада ойнайтын хоккей клубының ойыншысы болып табылады. Ол Польшадағы ғимараттар жөнінде, соның ішінде бірнеше воеводинадағы маңызды инфрақұрылымдар нысандарына қатысты деректерді сыртқа жіберген», – делінген ведомство хабарамасында.
Тергеу версиясы бойынша, шетелдік азамат 2021 жылдың қазан айынан бері Польшада тұрып келеді. Содан берін шпиондықпен айналысқан. Мұндай қылмыс 10 жылға дейін сотталуға жатады.