Месси Ла Лигада бесінші покеріне қол жеткізді
БАРСЕЛОНА. 22 ақпан. «Барселона» футбол командасының форварды Лионель Месси бүгін бір матчта 4 гол соғып, командада тіркелген покерлер саны жағынан рекорд жасады. Бұл туралы «Еуроспорт» хабарлады.
Бұл күні «Барселона» өз алаңында «Эйбарды» қабылдап, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осындағы бес голдың төртеуі аргентииналық футболшының есебіне жазылды. Бұл оның Ла Лигадағы бесінші покері болды. Ол бұған дейін 2017/18, 2012/13 және 2011/12 (екі рет) жылдарғы маусымдарда мұндай көрсеткішке жетіп еді. Сөйтіп, Лионель «Барселона» командасында бұған дейін покер жасау жөнінен өзімен көрсеткіші бірдей болып тұрған экс-форвард Сесар Родригестен асып, бірінші орынға шықты.
Испания чемпионатында қазір Лионель Месси 20 ойыннан 18 гол соғып, мергендер көшін еркін бастап келеді. Екінші орындағы «Реал» (Мадрид) шабуылшысы Карим Бенземаның еншісінде 23 матчтан 13 гол бар. Үшінші орында 17 кездесуде 11 доп түсірген тағы бір барселоналық Луис Суарес келеді.
Осы жеңістен кейін «Барселона» 25 ойыннан 55 ұпай жинап, турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді. Оның басты қарсыласы «Реал» (Мадрид) клубында әзірге 24 ойыннан 53 ұпай бар. Ол бұл турдың ойынын бүгін түнде сырт алаңда «Левантемен» өткізеді.