Мақтааралда мақтабастар мемлекеттік тілдің масқарасын шығарып жатыр
МЫРЗАКЕНТ. 9 маусым. Түркістан облысының Мақтаарал ауданында мемлекеттік тілді менсінбейтін бірнеше мәңгүрт №14 «Жас Алаш» жалпы орта мектебінің директорын орыс тілін білмейді деген желеумен қудалауға алыпты. Бұл туралы әлеуметтік желіде тараған ақпарға сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Қазағы көп шоғырланған Мақтаарал өңірінде орын алып жатқан бұл масқара жайында қоғам белсендісі Нұржамал Реметова Facebook желісінде жазды.
«Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы №14 «Жас алаш» жалпы орта мектебінің директорын орыс тілін білмегені үшін қудалауда. Әрине, қудалап жатқан мектеп ұжымы емес, тоғыз адамнан тұратын қамқоршылық кеңесінің төрағасы мен екі мүшесі (екі мүшенің біреуі – орыс, біреуі – татар, ал төраға орыс тілді қазақ сияқты) деп жатыр», – деп атап өтеді ол.
Автордың баяндауынша, Қазақстанның мемлекеттік тілінің мәртебесін аяққа таптаған әлгі бүлікшіл үшеу осыған байланысты қайта-қайта телеарна шақырып, «бұрынғы директор да орысша білмейтін, мына жаңа директор да орысша білмейді. Екі мұғалім екі оқушыны ұрған. Мектепте директордың қайнысы, бөлесі істейді» деген сияқты әрдеңенің басын бір шалып, биылғы 18 сәуірде ғана осы қызметке келген директорды жұмыстан босатуды талап етіп, жер тепкілеп отырған көрінеді.
Сонда бұл мақтабас мәңгүрттердің көздегені не? «Ала алмай жүрген өштері бар деуге келмейді, өйткені, директордың басқа мектептен ауысып келгеніне енді ғана бір айдан асты. Балаларға қол көтерген мұғалімдерге директор ескерту берген, ал директорға АББ сөгіс беріпті. Оқушыларға қол жұмсаған мұғалімдер мен жәбір көрген балалардың ата-аналары бітімге келген», – деп түсіндіріп өтеді Нұржамал Реметова келесі кезекте.
«Әлдеқашан біткен дауды қайта қоздырып, орыс тілін білмегені үшін директорды жұмыстан кетірмек боп жүрген үш әйелге Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі екенін, өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде еркін сөйлейтін Мақтааралда директордың орысша білмеуі проблема еместігін ұқтырып, мектептегі бұл даудың ұлт араздық дауға айналып кетпеуі үшін Мақтаарал ауданы әкімінің идеология бойынша орынбасары, Мақтаарал ішкі саясат , Мақтаарал ауданы қоғамдық келісім, Мақтаарал аудандық ҰҚК, Мақтаарал аудандық прокуратура жұмыла жұмыс жасауы тиіс шығар», – деп түйіндейді өз жазбасын автор.
Бұған біздің қосып-аларымыз жоқ. Бірақ айрықша қадап айтып өтетініміз: Қазақстанда мемлекеттік тіл ол тәуелсіздік алғалы бері – қазақ тілі. Орыс тілі ешқашан мемлекеттік статус алған емес. Бізде кез-келген қызметкерге, тіпті ел басқаратын Президент болсаң да, орыс тілін білуді міндеттейтін заң да, ереже де жоқ, ол – әркімнің қалауында болатын нәрсе. Сондықтан «жер астынан шыққан жіктей» болып, елдің ішін ала тайдай бүлдіріп отырған мына үшеу заң жүзінде жауапқа тартылуы тиіс. Мемлекеттік тілді менсінбегендері, оны көрер көзге аяққа таптап отырғандары үшін. Ал мұндай тек өз мүдделері үшін ғана жұмыс жасайтын пәлеқорлардан «қамқоршылық кеңес» толық тазартылуы қажет.
Әлеуметтік желіде бұл оқиғаға байланысты жазылып жатқан комменттер авторларының бәрі жалақор үштікті жазалау керек екенін алға тартады.
Солардың бір парасы мынадай:
«Үш қатынды соттау керек, не масқара, біреудің нанын тартып алу ғой. Орыс тілін білудің қажеті жоқ, келесі жылдан бастап орыс тілдегі барлығы қазақ тілге аудардымда өтеді. Директор сотқа берсін, менің істеп отырған жұмысыма кедергі жасап отыр деп, сотқа жанкүйер болып барайық».
«Ол үш қатынды құрту керек, баратын жері Ресей болса, армандары орындалсын… Ол жерде бәрі орысша сөйлейді».
«Масқара, ана тіліміз тапталып тұр, қазақша білмегенді кемсітпеңдер дейді, ал барлығы керісінше!»
«Ал қудалап жүргендер мемлекеттік тіл – қазақ тілін біле ме екен? Соны тексеру керек. Білмесе, өздерін сотқа беріп, қызметтен шеттету керек! Не масқара? Орыс тілін білудің не керегі бар, Мақтааралда болса тағы?»
«Осы шұбар тілді дүбәралар күйдірді ғой. Олар біздің ата заңымызға да бағынбай, өздерінің қалауымен өмір сүргісі келеді. Бұл үшеуі де сондайлардан шығар?»
«Мен қазақ-орыс мектебін бітіргенмін, мектеп директоры қазақша сөйлемек түгілі, қазақша түсінбейтін. Мыналардыкі не басынғандық?! Осылар қай елде тұрып жатқандарын түсінбейді-ау?! Өкпелесе, көшіп кетсін! Мемлекеттік мектептердің бәрін қазақшаға ауыстыру керек!»