Жамбыл облысында тағы да тендердің төңірегінен шу шығып жатыр
ТАРАЗ. 5 маусым. Жамбыл облысы әкімдігінің бәсекелессіз, яғни конкурс жарияламай-ақ компаниялармен 1,4 млрд теңгеге келісім-шартқа отырғаны жайында ақпар тарады. Бұл туралы Orda.kz дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Мемлекеттік сатып алу порталында Orda.kz. тілшісі тендерсіз жасалған келісімшарттардың тағы бір партиясын анықтады», – делінген хабарламада.
Порталдың жазуынша, биылғы жылдың сәуір айында Қордай ауданы Қақпатас ауылдық округіне қарасты Беріктас ауылындағы «Айсәуле» балабақшасының шатырын жөндеуге «Адал құрылыс БМ» ЖШС мекемесіне 11,5 миллион теңге бөлінген. Жөндеуге тапсырыс беруші «Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» КММ болып шықты.
Сол сияқты жалпы сомасы 513,4 млн теңге болатын келісім-шартты Талас ауданында бірден бірнеше кәсіпкер жай ала салған. Оның 18,5 миллион теңгесі және 24,8 миллион теңгесі Берікқара ауылдық округіне қарасты үш ауылға және Талас ауданындағы кейбір көшелер»ге жарық орнату мен күтіп ұстауға жұмсалатын көрінеді. Сондай-ақ Қаратау қаласындағы тұрғын үйдің шатырын күрделі жөндеуге конкурссыз ақша бөлінсе, ЖШС-не 35,8 миллион теңге, облыстық тас жолға ағымдағы жөндеу жұмыстарына және жол белгілерін орнатуға тағы 40,7 миллион теңге босатқан.
Бюджет ақшасы «СтройМонтажГрупп» ЖШС-не конкурссыз берілген, ол 136,8 млн теңгеге бірнеше жоғары вольтты электр желілерін қалпына келтіруі тиіс екен. Ал Қаратауда 6,8 миллионға көшедегі бейнебақылау құрылғыларын ағымдағы жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмекші.
Бір айта кетерлігі, көрші ауданда да тап осылай кәсіпкерлерге бәсекесіз ақша беру жоспарланып отыр екен. Мәселен, Сарысу ауданындағы Жаңатас қаласындағы кәріз сорғы стансасы мен тазарту қондырғысының электр желісін қалпына келтіруге мердігер компания «SERPIN GROUP» ЖШС-ге 12,2 млн бөлінген.
Мұндайдан Тараздағы шенеуніктер де шет қалмайды. Олар қаладағы арық желілерін күрделі жөндеуден өткізеді делінген «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-не мемлекеттік бюджеттен 892,8 миллион теңгені конкурссыз беруге сақадай дайын тұр.
Осыған байланысты Orda.kz. тілшісі мемлекеттік аудит департаментіне осы келісімдердің заңдылығын тексеруді сұрап хат жазған.