Мектепте ата-анадан ақша жинағаны үшін 7 млн теңге айыппұл салынады
СЕМЕЙ. 24 мамыр. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев мектепте ата-аналардан ақша жинатқан адамның 7 миллион теңге айыппұл төлейтінін баяндады. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Министр бұған дейін мектептерде ақша жинауға тыйым салынатыны туралы арнайы бұйрық шығарған болатын. Соған қарамастан, бұл нашар үрдіс тыйылым ала қоймай келеді. Мұны ведомство басшысы ақша жинауға қатысты шағымның көп екенін айтып жеткізген болатын.
Министр енді мұндай жағдайлардың бәрі үшін мектеп директорының тікелей жауапты болып шығатынын атап көрсетті.
Абай облысындағы өткен білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесуде оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осылай деді.
«Мектепте жөндеу жұмыстарына, сынып қажеттіліктеріне, мұғалімдерге сыйлыққа арнап қаржы жиналмауы керек. Талапты орындамағандар үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, мектеп басшысына 7 миллион теңге көлемінде айыппұл салу туралы шешім қабылдануда», – деді оқу-ағарту министрі.
Министр мұғалімдерді аттестациялау мәселесінде де сыбайлас жемқорлық тәуекелдері кездесетінін жасырмай айтты.
«Кейбір мұғалімдер аттестация мәселесін ақшамен шешуде және бұл туралы ашық айтылып жүр. Алдағы уақытта мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін министрлік өз ісіне шығармашылықпен қарап, жоғары көрсеткіш көрсеткен үздік мұғалімдерді бөлек бағалап, марапаттайтын болады», – деді Ғани Бейсембаев.
Мұның алдында министрі қазіргі кездері мұғалімдер коллекция етіп жинап жүрген түрлі сертификаттардың да ештеңе шешпейтінін, оның соңына түсудің керегі жоқтығын айтқан еді.