Жол апатында 6 адам қаза тапты, олардың үшеуі – бір отбасынан
ТАРАЗ. 23 мамыр. Жамбыл облысында орын алған жол-көлік оқиғасы алты адамның өмірін жұлып кетті, олардың үшеуі бір үйден болып шықты. Бұл туралы КТК телеарнасы дерегіне сүйенген rast,kz хабарлайды.
«Әлеуметтік желіде қаза тапқан алты адамның үшеуі бір отбасынан екені айтылып жатыр. Жамбыл облысында жол апаты алты адамның өмірін жалмады. Тағы алты жолаушы ауруханада жатыр. Екі науқастың жағдайы ауыр», деп атап өтті телеарна.
Оқиға кезінде салондағыларға куәгерлер көмек көрсете алмаған. Өйткені, екеуінің де қол-аяғы әр жерден сынып, жедел жәрдемнің келуін күтуге мәжбүр болған.
Алдын ала болжам бойынша, жол-көлік оқиғасына «Лексус» жүргізушісі кінәлі болған. Ол – 30 жастағы азамат қарсы бағытқа шығып кетіп, «Тойота Альфардпен» бетпе-бет соқтығысқан.
Ауыр жарақаттан екі көліктің жүргізушісі де оқиға орнында жантәсілім еткен. Тағы төрт жолаушы сол жерде ажал құшыпты. Жарақат алған алты науқас дереу ауруханаға жеткізілген. Оның екеуі жансақтау бөлімінде көрінеді.
Әлеуметтік желіде қаза тапқан алты адамның үшеуі бір отбасынан екені айтылып жатыр.