Чемпион атанған өзбекстандық қазақ жігітіне жерлестері құрмет көрсетті (видео)
ТАШКЕНТ. 17 мамыр. Өзбекстанға кезекті алтын медаль алып берген қазақ жігіті Руслан Абдуллаевты ауылдастары ұлт батыры ретінде бір қауым ел болып қарсы алды. Бұл туралы әлеуметтік желі ақпаратына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Руслан Абдуллаев – 2002 жылы Ташкент облысының Қыбырай ауданындағы Қыпшақ ауылында қазақ отбасында туған. Бірінші орта салмақ дәрежесінде (63,5 кг) күш сынасатын ол Ташкентте 14 мамырда мәресіне жеткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. 2022 жылы Азия чемпионы атанған, Өзбекстанның 2021 жылғы чемпионы, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы.
Руслан Ташкенттегі әлем чемпионатын 2 мамырда ойналған 1/32 финалдық жекпе-жекте Пуэрто-Рико өкілі Мануэл Фебусты 5:0 есебімен ұтудан бастады. 4 мамырда 1/16 финалдық іріктеу кезеңінде испан Конде Олер Ибареччені бірінші раундта-ақ іске алғысыз етіп тастады. Бұдан кейін, 6 мамырдағы 1/8 финалда маврикийлік Ричарно Колин Луисті 5:0 етіп жеңіп шықты. (Еске түсіре кетейік, соның алдында ғана бұл африкалық боксшы біздің Санатәлі Төлтаевты жолдан шығарып тастаған болатын). Ширек финал шиыршық атқан 10 мамырда франциялық Лоунес Хамроуды 4:1 деген есеппен тізе бүктірді. Мамырдың 12-сінде өткен жартылай финалда армян Ованес Бачковтан 5:0 есебімен басым түсті. Ал 14 мамыр күні шаршы алаңды шайқаған финалда моңғол Чингзориг Батарсухты 5:0 етіп ұтты.
Өзбек сайттарының өзі Руслан Абдуллаевты жерлестерінің бөріктерін аспанға атып, барынша қуана қарсы алғандарын жазып жатыр. Ол Қыбырайға келгенде жұртшылық қазақ әншісі Қуандық Рахым айтатын «Мен қазақпын» деген әнмен қарсы алған.
«IBA версиясы бойынша әлем чемпионы болып қайтқан Руслан Абдуллаевты туған қаласының тұрғындары нағыз батырларша күтіп алды», – деп жазды өзбек журналисі Жалол Ахмедов.
Мұның алдында әлеуметтік желіде қыбырайлық бір кәсіпкердің әлем чемпионы атанған жерлесіне «Малибу» атты жеңіл көлік сыйлағаны жайлы айтылды.
Facebook әлеуметтік желісінде Amandyq Amirkhamzin атты автор мынадай жазба қалдырды:
«Кеше ғана Өзбекстанның Ташкент облысы Қыбырай ауданындағы Қыпшақ ауылының тумасы – этникалық қазақ Руслан Абдуллаев әлем чемпионатында еліне алтын медаль алып берген еді. Қазір әлеуметтік желі деген жақсы болды, Тик-Токтан ауылдағы жеңісті тойлап жатқанын көрдім. Бір қызығы, оның руы құлан қыпшақ екен (ол туралы Ардақ Букееваның парақшасынан оқып қалдым), ал менің білуімше, құлан қыпшақтардың атамекені негізі Ақмола өңірі, кейін патша үкіметі кезінде отарлау саясатының салдарынан ығысып, Торғай даласында орнығып қалады. Әрине, түбіміз Түркістан, Сыр бойы болса керек. Құлан Кейкі батырдың отарлаушыларға айрықша өшпенділігі де ата-бабасының туған жерінен айырылуынан деп ойлаймын. Айтқандай, рулық бөлінісін жоғалтқанға дейін өзбек ағайындар ішінде де және қырғыз бауырлардың арасында да құлан қыпшақ тайпасын көреміз.
Енді, бір қызығы, аудан атын иеленіп отырған Қыбырайдың кім екендігі жөнінде Олжас Беркінбаев жазды. Бәрінен бұрын кезінде Руслан Қазақстанның оңтүстігіне келіп, ешкім мән бермей, кейін туған ауылына қайта оралғанын-ай!»
Иә, кезінде Руслан Абдуллаевтың Қазақстанға келіп, құрама сапына қабылдауды өтінгені рас болып шықты. Бірақ құраманың көрегендігі аз, көріпкелдігі жоқ бұрынғы штабы оны маңдарына жолатпағанға ұқсайды.