Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Қазақстандық Дулат Бекбауов – бокстан әлемнің күміс жүлдегері!

ТАШКЕНТ. 13 мамыр. Ташкентте өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының бүгін басталған финалында қазақстандық Дулат Бекбауов күміс медальдың иегері атанды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.

67 келіге дейінгі салмақтағы Дулат Бекбауов финалдық айқасты өзбек Асаджуджа Муйинжуджаевпен өткізді. Бірінші раунд біздің оғлан үшін оншалықты сәтті бола қоймады. Ол мұның есесін екінші раундта қайтару үшін біраз тер төкті. Бірақ бір ғана төрешінің назарын өзіне аудара алды. Ал соңғы раундта Дулат барын салды, едәуір басымдық та көрсетті. Дегенмен, тұтастай алғанда, өзбек боксшысының бұл күні одан басым болғанын мойындауымыз керек.

Дулат Бекбауов турнирді 6 мамырда 1/16 финалдық іректеу жарысынан бастады. Ол осы күні румыниялық Андрей Мустетті үш раундта да ұтты.

Бұдан кейін 9 мамырда 1/8 финалдық кезеңде үндістандық Акаш Акашпен қолғап түйістірді. Ол бірінші раундта қарсыласынан ұтылып тұрды. Бірақ келесі раундтарда сол олқылықтардың орнын толтырып, жеңіске жетті.

Дулат 10 мамырда ойналған ширек финалдық кезеңде мексикалық Мигуэль Ангел Мартинесті 5:0 есебімен ұтып шықты.

Ал кеше, 12 мамырда жартылай финалдық шайқаста грузин Лаша Гурулиді еш күмәнсіз жеңді.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button